15/06/2019

Dance, dance, dance: Мариин театрының бағдарламасы

«Dance, dance, dance» - фестивальдің төртінші күні көрермен назарына ұсынылған бағдарлама осылай аталады. Осы атауының өзі жоба ұйытқысы болған бишілердің шығармашылық ұстынын айқындап тұрғаны анық.

Осы тектес дүние шығару идеясын Мариин театрының жетекші солисті, Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Игорь Колб жария етті. «Кез-келген әртістің өмірінде – бүкіл жиналған эмоционалды әрі шығармашылық тәжірибесін репертуар шеңберіне сыйдыра алмай кететін сәт туады. Сол шақта театрдан бөлек, тың жобаларға қатысып, өзің қызығатын балетмейстерлермен еңбек етіп, ішкі толғанысыңды би арқылы өрнектеуге мүмкіндік аласың».

Ұзақтығы жиырма минуттық үш хореографиялық миниатюра көрсетілді. Көтерген тақырыптары әр-түрлі. Режиссёр ойы бойынша, басында бейнесюжет көрсетіліп, онда спектакльдің дайындық жұмыстары көрсетіліп, әр қойылымның идеясы жария етіледі.

Спектакль басында жарқ еткен кремль жұлдызы Моцартқа сілтеме жасаудың бекершілігін нұсқағандай. Қара киген адамның қимылдары мен пластикасы ҰҚК агентіне ұқсап тұрды. Спектакль ұғынықты, тіпті, қарабайырлау деуге болар. Қолы-қанаты ілініп тұрады, декорацияның жалғыз элементі трансформер-куб бірде пәтерге, бірде балет залына, бірде шарасыздықтың қара түнегіне, енді, бірде кейіпкеріміз еркіндікке қадам басып, секіргісі келетін терезеге айналып отырады.

Спектакльде таныс дүние көп - таныс музыка, таныс қимылдар, тіпті, келесі қадамның қандай боларын да болжай алатын секілдіміз. Бұл өзіңе таныс дүние әлдебір ассоциациялар мен терең тамырларға көз жүгіртетін реминисценция болғаны ма? Өкінішке қарай олай емес. Авторлар Данила Корсунцев пен хореограф Алексей Бусько бәрі егжей-тегжейлі әрі натуралистік тұрғыда шешкен. Көрерменнің өзіндік когнитивті үдерісіне, яки, өзінше ой тізуіне тіпті орын қалмаған.

Эмиль Фаски қойған «Лифт» атты романтикалық уақиға терең психологиялық зерттеулерге бойламаған. Екеуі лифтте қамалып қалады. Шектеулі кеңістік пен күтпеген жағдай түрлі комедиялық, артынан, лирикалық жағдаяттарға ұласып отырады. Хореограф мұның ббәрін таза пластикалық тұрғыда шеше білген.

Бейне декорациялар өте жеңіл әрі иронияға толы. Олар кейіпкерлердің оқиға орны мен әрекетінің сұлбасын ғана айшықтап тұрғандай. Декорация идеясының авторы да Эмиль Фаски.

Батыл Евгений Иванченко мен сүйкімді Рената Шакирова (ол да Мариин театрының солисті) пайда бола бастаған махаббат сезімінің иірімдерін көрерменге таныта алды. Соңында, кейіпкерлеріміз лифттен босап шығып, екі жаққа кете барғанда көрермен де бір күрсініп алды.

Бір актілі балеттер кеішінің соңында көрсетілген, И.С.Бах пен Old Grey тобының музыкасына қойылған «No name» моноспектаклі - Игорь Колб пен Александр Челидзенің шығармашылық ізденістерінің жемісі.

«Қазіргі таңда сахнадағы биші ретіндегі қызметімді аяқтар алдында тұрмын. Ол себепті, өзімді өзге қырымнан танытқым келеді. Бұл жоба өзіңді режиссер, жобаның көркемдік жетекшісі ретінде таныту мүмкіндігі. Шығармашылық кеңістігімді ұлғайтып, театрдан, үйреншікті амплуадан бөлек дүние жасауға талпынып жүрміз. Осылайша Александр Челидзе екеуіміздің мақсат-мұратымыз түйісті. Қазір ол Германияда жұмыс атқарып келеді. Екеуіміздің де өміріміз «таза парақтан» басталған тәрізді», - деп түсіндіреді жобаға кірісу себебін Игорь Колб, - «Таза парақ» дегеніміз – ертең не боларын болжай алмайсың. Осы «ертең» белгілі бір кейіпке енуі үшін соған қарай қадам басып, әрекет етесің».

Бәрін жаңадан бастап, өз кейпін өзгертуге ұмтылған әртістердің бастамасын көрермен қауым да қошеметпен қабыл алып, ұзақ уақыт қол шапалақтап, оларға құрметін білдірді.

Фестивальдің төртінші күні, осы шараны үзбей қадағалап, баға берушілердің әрекетіне қарағанда соншалықты есте қаларлық болмаған. Өйткені, Eurasian Dance Festival аясында әлемнің шын мәніндегі үздік қойылымдарын тамашалауға көрермен көзі үйренген. Бәлкім, кеш атауына алынған «Мариин» хэштегі көрерменді дүдәмал күйге түсірген болар. Себебі, бұл жолы «Мариин театры» ұғымымен байланыстырылатын ауқымды дүние емес, әртістердің шығармашылық ізденістері паш етілген-тұғын..

Ендігі кезек «Славян темпераменті» бағдарламасын ала келген Прага ұлттық театрында. Славяндық болмыс бұл жолы сан соқтырмас деп үміттенеміз.