Дж.Баланчиннің «Серенада» спектаклі (П.Чайковскийдің осы аттас музыкасы бойынша) әлдеқашан неоклассикалық балеттің шыңына айналған. Спектакль көңіліңізді баурап алады: оған - кешкі тұманға батып бара жатқан жолға қарағандай қарай бергің келеді. Бір сәт зейінің бөлінсе, маңызды дүниені жоғалтып алатын секілдісің. Дж.Баланчин өз спектакльдері жайлы тәптіштеп айтудан бас тартып, «Балет дербес дүние, сондықтан, өзі жайлы өзі баяндайды» дегенді жиі айтушы еді. Ал, «Серенада» балетінің сюжет арқауына қатысты түрлі пікірлер айтылғанымен, балет труппасы үшін бұл спектакль – кәсіби деңгейінің көрсеткіші. Спектакльде «майда» дүниенің бәрі маңызды. Сәл қиыс кетсе – жүйелі, геометриялық тұрғыдан мінсіз құрылған «тізбек» бұзылып, домино іспетті шашырап кетеді.
«Астана Балет» театрының өнеріне тәнті болдық. «Астана Балет» театрының ғажайып қыздар кордебалеті Баланчинге тән сәйкессіздіктерді (сахнадағы балериналардың саны үнемі өзгеріп отырды, бірде жеке шығып, бірде ансамбль құрып жатты) мінсіз орындап, әлдебір көзге көрінбес шебердің қолымен ойнатылған інжу моншақтардай әсер қалдырды. Кордебалеттің өрнек сала билеген биі, бишілердің қол қимылының өзі музыка іспетті «әуелеп» жатты. Ал, бірінші бөлімдегі бишілердің синхронды қимылдағаны соншалық, тіпті, балериналар бірдей тыныстағандай көрінді.
Дж.Баланчин – бидің һас суретшісіғана емес, композицияның да нағыз шебері. Балетмейстердің һал-аһуал драмасын ойнатқан ойы мен қиялы, ақырғы «Элегияда» күтпеген жерден мінез-сипат драмасына ауысып, кескінді түрде махаббат үшбұрышы ретінде көрініс тапқанына таң қалмау мүмкін емес. Хореограф «шеңберлеп жиектеу» драматургиялық әдісін өздігінше қолданады. Күндес әйелдің Бозбаламен сахнада пайда болып, кетуі бірдей. Осының өзінен бейнелік символикалық астарды аңғарамыз: күндес әйел кейіпкердің көзі мен кеудесіне қойылған қолымен оның көзін қарауытып, жүрегін ұрлағандай (көзсіз махаббат жайлы метафора іспетті).
Бас кейіпкердің махаббат жайлы арманының күл-талқаны шығады. Ал, алда – тағы да жұмбақ белгісіздік пен мұнарланған күңгірт сезім бұлқынысы күтіп тұр. Жалпы, спектакльдің «сарыны» күңгірт. Алайда, қалай болған күнде де таңдау бар. Беймәлім болашаққа қадам басқан кейіпкердің де үміті басым. Себебі, оны серіктесінің күшті қолы демеп тұр.
Ал, «Астана Балет» театрының өзі, бір кештің өзінде көрерменге екі спектакль (бұл бір «тізбектің» жалғасындай) көрсетті. Бұл – америкалық балеттің бастауы саналатын Дж.Баланчиннің «Серенадасы» мен У.Форсайттың заманауи «адуын» балеті - «In the middle,somewhat elevated»
Автор: Улькяр Алиева