18/04/2023

«Астана Балет» театрында «Mozart Gala» камералық музыка кеші өтеді

25-сәуірде «Астана Балет» театрының холлында «Mozart Gala» камералық музыка кеші өтеді. Альт пен скрипканың үндестігінен туған әуез бағзы дәуір мен қазіргі заманды сабақтастырып, театр кеңістігін ғажап әуенге бөлейді. Қос аспаптың үндестігінен туған құлаққа жағымды саз – классикалық туындының ұлылығын тағы бір паш етсе керек.

Композитор В.А.Моцарттың шығармаларын қалың көпшілік сүйіп тыңдайтыны белгілі. Есту қабілеті зор, ғаламат дарын иесі алты жүзден астам туынды шығарып, көпшілігі музыка өнерінің інжу-маржаны ретінде танылды. Осы концертте орындалатын шығармалармен қайта табысқан әрбір сәт – көрермен үшін де, орындаушылар үшін де ұмытылмас оқиға.

«Оркестріміздің жаңа концертін көрермен назарына ұсынамыз. Бұл концертте есімі әйгілі композитор – Моцарттың шығармалары орындалады. Біз оның туындыларын көпшілік мойындаған қалыпқа сай орындап, дегенмен, жанымыздың бір бөлшегін қосамыз. Біздің шығармашылық серіктесіміз Павел Романенко альтист, дирижер, ең бастысы, жақсы адам. Бәріміз бірлесіп, Моцарт музыкасының әсем сазын көпшіліктің жүрегіне қондырамыз деген үміттемін», деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театры оркестрінің бірінші скрипкасы Қаламқас Жұмабаева.

Кештің бірінші бөлімінде Скрипка мен альттың оркестрге арналған симфониялық концерті орындалады. Солисттер – Қаламқас Жұмабаева (скрипка) және Павел Романенко (альт). Екінші бөлімде - №40 симфония орындалады. Дирижер – Павел Романенко.

«Астана Балет» театрының оркестрімен тұңғыш рет жұмыс істемекшімін. Жас болса-дағы, бұл ұжым кәсіби ортада да, көрермен арасында да сыйлы. Қаланың өзге де оркестрлерін танитынымды ескерсек, өзім үшін жаңа әрі тамаша ұжыммен танысу өте қызық. Көрермен қауым концерттен рухани ләззат алатынына сенімдімін», дейді Павел Романенко.

Мәлімет ретінде:

Қаламқас Жұмабаева халықаралық байқаулардың лауреаты, мәдениет пен өнер саласындағы зор жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің Қоры сыйлығының лауреаты. 2017 жылы дүниежүзінде еліміздің өнерін дәріптеп жүрген ҚР мәдениет қайраткерлерінің шорт-парағына енген.

Павел Романенко халықаралық байқаулардың лауреаты, В.А. Берлинский атындағы квартеттің негізін қалаушы әрі альтист. Ол «Новая Камерата» Мәскеу оркестрін құрып, жетекшілік етеді. «Возвращение», «Зимние Грёзы» фестивальдеріне, «Притяжение», VIVARTE, «Музыкальная экспедиция», «Безумные дни» және т.б. шығармашылық бірлестіктерге қатысады.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.