17/04/2023

«Астана Балет» театрында «Soli Deo Gloria» және «Nine» спектакльдерінің премьерасы өтті

«Астана Балет» театрының Х мерейтойлық маусымының басты оқиғаларының бірі орын алды. Астаналық көрермен қауым жас хореографтардың көптен күткен премьераларын тамашалады: Густав Малердің музыкасына Айнұр Әбілғазина қойған «Soli Deo Gloria» және Лиза Джеррардтың музыкасына Олжас Маханбетәлиев қойған «Nine». 15-16 сәуірде өткен премьералық көрсетілім зор табыспен өтіп, көрермен қауым сүйікті әртістері мен қойылым тобына қошеметін білдірді.

«Классикалық, сонымен бірге, заманауи хореографияны еркін меңгерген жас хореографтардың миниатюра мәнерінде шығарылған туындыларында қазақстандық балет мектебі, халықаралық тәжірибе пен бірегей шешімдердің ізденісі айқын білінеді. Бір қарағанда әртүрлі көрінетін туындылардың көтеретін фәлсафалық сұрақтары мен мәселелері бір. Бұл әрқайсымыздың санамызда күніне сан мәрте қойылатын, өмірдің өзі көлденең тартатын сұрақтар», - деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Кештің бірінші бөлімінде театрдың жетекші солисті Айнұр Әбілғазинаның «Soli Deo Gloria» неоклассикалық балеті көрсетілді. Густав Малердің шығармасын дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» симфониялық оркестрі орындап шықты. Спектакльді шығаруға дарынды өнер қайраткерлері ат салысты: суретші-сценограф – Жандос Омаров, костюм суретшісі – Дариға Тайшықова, жарық суретшісі – Роберт Даутов және бейнесуретші – Марат Сағадинов.

Премьераның алғашқы күні басты партияларды «Астана Балет» театрының әртістері Анар Дүкиева, Иван Суродеев, Қаламқас Орынбасарова, Байқадам Түнғатаров, Артур Эдсон, Милана Буканова мен Сүндет Сұлтанов;
ал, екінші күні – Назерке Аймұхаметова, Айдан Қалжан, Наталья Менес, Нұрзат Берікқазыұлы, Ерқанат Ермағамбет, Милана Буканова мен Сүндет Сұлтанов орындап шықты.

Премьералар кешінің шымылдығын Dead Can Dance этно-тобының мүшесі, әлемге әйгілі әнші Лиза Джеррардтың музыкасына Олжас Маханбетәлиев қойған «Nine» спектаклі жапты. Костюм суретшісі Дариға Тайшықова, жарық суретшісі – Алексей Марков, бейнесуретші – Марат Сағадинов.

Жақсы туындыда музыка мен хореография үндесіп кететіні бесенеден белгілі. Орындаушылардың шын ниетімен беріліп билеуінің арқасында автордың түпкі ойы көрермен санасына құйылып отырды.

Басты партияларды орындағандар: Артур Эдсон, Байқадам Түнғатаров, Бауыржан Боранбаев, Кәмила Рахманберлиева, Әлия Айтбаева, Аққали Тұрғали, Артемий Макаров, Шыңғыс Төлеген және Нұрзат Берікқазыұлы.

Кеш барысында көрермен қауым балет әртістерінің шеберлігіне тәнті болып отырды. Әр миниатюраның дербес музыкалық сүйемелдеуінің арқасында, қос туындының түпкі ойы көрермен жүрегінен орын алып, бишілердің қимылы эстетикалық ләззат сыйлағаны анық.

Премьералар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.