Абай облысындағы орман өртінің салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты, 2023 жылғы 12-маусымды Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау туралы қаулыға қол қойылды.
Қазақстан Президенті өрт шалған аймаққа барып, шұғыл штаб отырысын өткізді. «Семей орманы» резерватының 14 қызметкерінің өмірін жалмаған өрт салдарымен күреске арналған бұл жиын, құрбандарға бір минут үнсіздікпен тағзым ету рәсімінен басталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болғандарды «Абай облысындағы төтенше жағдай кезінде ерлік пен жанқиярлық танытқаны үшін» «Құрмет» орденімен марапаттау туралы қаулы шығарды.
«Астана Балет» театрының ұжымы қаза болғандардың жақындары мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтады.