«Астана Балет» ұжымы еңбек демалысынан шығып, XI театр маусымына дайындық жұмыстарын бастап кетті. Астаналық театр репертуары көрермен көзайымына айналған спектакльдермен қоса, премьералармен де толыспақ. Еліміздің бас театрларының бірінің дирекциясы мен көркемдік басшылығы нандырғандай, жаңа театр маусымда да орасан шығармашылық мақсат-мұраттарды жүзеге асыруға күш жұмылдырылатын болады. Қазірдің өзінде «От қыз» атты ертегінің қойылымы жүріп жатыр.
«Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі, Ресей мен Татарстанның еңбек сіңірген әртісі Нұрлан Канетов ХІ театр маусымында «Астана Балет» театрының көрерменіне дайындаған сыйы жайлы айтып берді.
– Қыркүйектің 15 мен 16 күндері «Кармен-сюита» және «Тағдыр бұлтарыстары» спектакльдерімен жаңа маусымның шымылдығын ашпақшымыз. Театрдың көрерменді сағынғанын іштей сезіп тұрмын. Біз өз көрерменімізді тың спектакльдермен, қойылымдағы таңсық шешімдермен таң қалдыруға тырысамыз. Аздаған демалыстан кейін, күш жинап, шығармашылық жобаларымызды жүзеге асыру үшін креатив идеяларымызбен қаруланып, іске кірістік.
Жаңа театр маусымында қанай премьералар болады?
– Біз үнемі шығармашылық ізденісте жүреміз. Біз сахнадағы эксперименттерден жасқанбаймыз. Керісінше, осының бәрі труппаның, жалпы театрымыздың қарыштап дамуына оң әсерін тигізіп келеді.
Жаңа жылға дейін 2 премьераны жоспарлап отырмыз. Театрымыз ұлттық спектакльдерді шығаруға баса назар аударып жатқанын атап өткім келеді. Қазіргі таңда театрымыздың бас балетмейстері Мукарам Авахри танымал орындаушы Карина Абдуллинаның музыкасына «От қыз» спектаклін дайындап жатыр. Классиканы да естен шығармаймыз. Желтоқсан айында С.Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» спектаклінің премьерасын өткіземіз.
Гастроль жайлы айта аласыз ба? Қандай сапарлар жоспарланып отыр?
– Таяу күндері Өскеменге гастрольдік сапармен барып, ғаламат музыкалық бағдарламамызды паш етпекшіміз – «Barocco» камералық музыка кеші мен дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің «Music Tour» атты концертін өткіземіз.
Қазан айында А.Алонсоның «Кармен-сюита» спектаклін Ballet Globe бірлесе отырып, әлемдік балет жұлдыздарының қатысуымен Женева қаласында көрсетеміз. Сонымен бірге, Италияға гастрольдік сапармен баруымыз ықтимал.
Репертуарда «сүйікті» спектакльдеріңіз бар ма?
– Әр спектакль жүрегіме жақын. Ешқайсысын бөліп-жарып қарастыра алмаймын. Себебі, әр спектакльді дайындаған кезде бүкіл күш-қуатымызды жұмсаймыз. Театрдың барлық қызметтері ат салысып, шеберлігімізді ұштап, көрермен қауымға ауыз толтырып айтуға тұрарлық дүние ұсынуға тырысамыз.
Жаңа маусымда театр өз көрерменіне тағы қандай сый дайындады?
– Бұл маусым да көрерменнің ыстық ықыласына толы жаңа жетістіктер маусымы болады деп сенеміз. Премьералар мен гастрольдерден бөлек, репертуарымызда болғанымен, көптеген бері сахнада қойылмаған спектакльдерді қайта жаңғырту ойымызда бар.
Одан бөлек, жаңа XI театр маусымын визуалды код пен фирмалық стилімізді өзгертуден бастауды құп көрдік. Алғашқы өзгерістерді көрермен қауым аңғарған болар. Алдағы спектакльдердің афишалары жаңа логотиппен берілген.
Көрерменге айтарыңыз бар ма?
– Көрерменіміздің оттай жанған жанарын, шынайы эмоцияға толы жайдары жүзін сағындық. Қазірдің өзінде репетициялар өткізіп, көрермен қошеметіне бөлену үшін барынша тырысып жатырмыз.
Театр – энергия алмасу мекені. Оның күші, ғажайыбы мен мәңгілік сипаты осында. Театр арқылы өзімізді, қоршаған әлемді тануға тырысамыз. Театр – өмір айнасы. Баршаңызды жаңа театр маусымының ашылуына шақырамыз. Біз сіздерді таңырқатып, шығармашылығымызға тәнті етуге бармыз!