1-қазанда «Астана Балет» театры Музыка күніне орай, «Altyn kernei» камералық концертін өткізеді. Труба аспабында орындаушы Жасұлан Әбдіқалықов пен дирижер Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» камералық оркестрі астаналық театр холлын әсем әуенге бөлейді. Аспаптардың үйлесімді үндестігі таңырқатпай қоймайды. Бұл мәңгілік классиканың әсем әуезі салтанат құратын кеш.
«Астана Балет» театрының дирижері Элмар Бөрібаев концерт бағдарламасын таңдауына байланысты ойын былай сабақтады: «Тыңдарманымызға классикалық музыканың сан-алуандығы мен әсемдігін жеткізу үшін туындыларды да мейлінше ыждаһаттылықпен іріктедік. Осы концертке таңдалған композициялардың әрқайсының өзіндік музыкалық бояуы қанық. Көрермен қауымға осы сезім иірімдерін барынша жеткізе аламыз деп үміттенемін. Камералық оркестр мен солист Жасұлан Әбдіқалықовтың үйлесімді үндестікте орындаған шығармалар әр тыңдарманның көкейінен шығарына сенеміз».
Солист Жасұлан Әбдіқалықов – труба аспабында ойнайтын, еліміздің классикалық өнерінің белді өкілі. П.И.Чайковский атындағы байқаудың алғашқы әрі әзірше жалғыз екі мәрте лауреаты. Көптеген халықаралық байқаулардың жүлделі орындарына ие. Гамбургтегі Музыка және театр жоғары мектебінің түлегі. 2019 жылдан Теодор Курентзистің жетекшілігіндегі Musicaeterna оркестрінің әртісі.
«Осы музыка кешіне келгендер әсем әуен мен орындаушылық шеберлікке тәнті болары анық. Біз орындаған музыка тыңдарманды таңырқатып қана қоймай, жүрегінен орын алуына күш саламыз. Біз үшін әр концерт – қайталанбас ерекше құбылыс деуге тұрарлық. Осылайша, біз тыңдарман қауымға әсем музыканы, ерекше дарынымыз бен кәсіби біліктілігімізді паш етуге мүмкіндік аламыз», – деген ойымен бөлісті, оркестр менеджері Айжан Хайдар.
Камералық музыка кешінде мәңгілік классиканың туындылары орындалады: Иоганн Себастьян Бах - №3 сюита; Антонио Вивальди - И.С. Бахтың трубаға лайықтаған скрипкаға арналған концерті; Густав Холст - «St Paul» сюитасы мен «Brook Green»; Джон Бастон - трубаға лайықтаған блок флейтаға арналған №2 концерт.
«Сүйікті тыңдарманымызды бізбен бірге классикалық музыка әлеміне шомып, оның қуаты мен құдіретін сезініп, бірегей күй кешуге шақырамын. Біз үйлесімді үндестікке ұмтылып, тыңдарман қауым классикалық музыкадан рухани ләззат алғанын қалаймыз. Кездесуімізді тағатсыздана күтіп, көрермен қауымды ұмытылмас музыкалық кешті тамашалауға шақырамыз. «Altyn kernei» концерті – музыкаға деген сүйіспеншілігімізден туындаған. Тыңдарманымызды қуанышқа бөлеуге асықпыз. Сіздерді тағатсыздана күтеміз!», – деп түйді өз ойын, бірінші скрипка Қаламқас Жұмабаева.
«Астана Балет» театрының оркестрі – дарынды жас музыканттардың ұжымы. Бұл ұжым батыл шығармашылық идеяларын жүзеге асырып келеді. Кәсіби біліктілігі жоғары, орындаушылық шеберлігі мінсіз оркестр репертуарында классика мен қазіргі заман композиторларының шығармалары бар.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.