22/04/2023

«Астана Балет» театрында «Жеті қазына» және «Шелковый путь» спектакльдері көрсетіледі

1-мамырда «Астана Балет» театрында «Ашық сахна» І Республикалық байқауының жеңімпаздары қойған «Жеті қазына» спектаклінің премьерасы өтеді. Либретто авторы – Мәдина Алданова, композитор – Шырын Базарқұлова, хореограф – Уәлитбек Сиязбек, сценограф – Александра Рычкова. Премьералық көрсетілім қоюшы-дирижер Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтеді.

«Ашық сахна» байқауы – биылғы маусымның сәтті эксперименті. Біз тынымсыз ізденісте жүреміз. Тың идеяларды жүзеге асырып, театр өнері саласындағы жаңа есімдерді көрерменге таныстыруға тырысамыз. Бізде біртуар, өзіндік идеялары бар жас дарынды хореографтар көп екенін анық айта аламын. «Жеті қазына» атты жаңа спектакль – музыка мен бидің, шабыттың, жан шуағының мерекесі. Алайда, осы мерекелік көңіл-күйдің негізінде байқауға қатысушылардың қажырлы еңбегі жатыр. Соны ұмытпауымыз керек», - деген ойымен бөлісті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Спектакль тақырыбы да, қалың көпшілікке етене таныс «Жеті қазына» түсінігін ашады. Хореографиялық туындыда қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі суреттеледі. Яғни, ер жігіттің қанаты – жүйрік ат, қыран бүркіт – қуаты. Ақ жаулық – өмірлік серігі. Алмас кездігі – сұсы. Ақыл-білімі – саналы ғұмырының, озық өмірінің кепілі. Құмай тазысы – саяттағы серігі. Спектакль авторлары қазақ халқының тұрмысы мен өмір салтын – дәстүр мен әдет-ғұрып арқылы суреттеуге тырысты.

Сонымен бірге, сол күні «Ашық сахна» байқауының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтіп, «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті де көрсетіледі.

5-мамырда «Астана Балет» театрында бас балетмейстер Мукарам Авахри қойған «Жібек жолы» спектаклі көрсетіледі. Бұл балет Қазақстан театр сыншылары бірлестігінің «Жыл балеті» жүлдесімен марапатталған.

Жоба авторлары көрермен қауымды азиялық және еуропалық өркениетті байланыстырған жібек матаның негізінде пайда болған Ұлы Жібек жолының бойымен саяхатқа шақырады. Қоюшы-балетмейстер классикалық және халық биінің элементтерін шығыстың өрнегімен көмкеріп сан-түрлі бейнелерді сахнаға алып шықты. Олардың стилі де, ұсынылу әдісі де өзгеше.

«Мен үшін бұл жай ғана спектакль емес, ішкі түйсігіңе сүйене отырып, шығармашылықпен айналысу мүмкіндігі. Жібек жолы тақырыбы өте ауқымды әрі терең. Оған бойлаған сайын сарқылмайтын қазына екенін түсінесің. Музыка мен би – уақыттан тыс құбылыс болғандықтан, бір өркениеттен екіншісіне еркін ауысып, ал, біріне кейін бірі алмасқан көріністер көрермен қауымды ойға жетелеп, мәдениеттердің тоғысында идеялар мен ұғымдар пайда болатын шексіз сапарға бастайды», - дейді хореограф Мукарам Авахри.

Балетті шығаруға дарынды өнер қайраткерлері ат салысты: либретто авторы – Бақыт Қайырбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композиторлар – Ренат Ғайсин, Арман Амар, Владимир Иванофф пен Омар Фарук Текбилек, балетмейстердің ассистенті – Айжан Жүнісова, костюм суретшілері – Әсел Шалабаева мен Дина Буксикова, сценограф – Асқар Ысқақов, бейнесуретші – Нұрлан Керей, жарық суретшісі – Роберт Даутов.

Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.