13/04/2023

Мариус Петипаның соңғы үздік туындысы «Астана Балет» сахнасында

21 және 22 сәуірде «Астана Балет» театрының сахнасында атақты хореограф Василий Медведевтің редакциясында Рикардо Дригоның музыкасына көрнекті балетмейстер Мариус Петипаның «Раушан гүлі мен көбелектің романы» атты соңғы үздік туындысының көрсетілімі өтеді. Балетке Қазақ ұлттық хореография академиясының білім алушылары қатысады.

«Раушан гүлі мен көбелектің романы» балеті – М. Петипаның үлкен театрлар сахнасында қойылмаған соңғы туындысы. Міне, ғасырдан астам уақыт өткен соң талантты хореографтар мен жас әртістердің күш-жігерінің арқасында осы спектакльді қайта жаңғыртып, өмірге әкелдік. 2021 жылы өткен балеттің премьерасы біз үшін тарихи маңызды кезең болып табылады, өйткені осы «кішкентай жауһар» Академиямыздың тарихында қалатын үздік бетке ұстар қойылымға айналды. «Раушан гүлі мен көбелектің романы» – Хореография академиясы оқушыларының өз еліне деген баға жетпес сыйы» - деп атап өтті Хореография академиясының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова.

Спектакль шынымен ерекше: балеттің либреттосын Иван Всеволожскийдің түпнұсқа либреттосының негізінде хореограф Василий Медведев пен либреттошы Яна Темиз қайта жасады. Балеттің хореографиясы іс жүзінде жоғалып кеткен, ал көрнекті хореограф Василий Медведев Қазақстанда қою үшін қайта жасады. Оркестрлік партитураның авторы – музыкант және аранжировщик Дәулет Шәкіров. Балетке арналған костюмдерді императорлық театрлардың директоры Иван Всеволожскийдің эскиздері негізінде суретші Наталья Протасова жасаған; сценографияның авторы Жандос Омаров болды.

«Хореографияны Санкт-Петербург мектебінің ең жақсы дәстүрлері мен Ұлы Петипаның мұрасы негізінде қайта құру керек болды. Бұл балетте мен классикалық бидің барлық түрлерін көрсетуге тырыстым. Мен балеттің әдемі, серпінді және заманауи болып шығуын қаладым. Петипаның да жүз жылдан астам уақыт бұрын жасалған кез-келген балетті қоюы да екіталай еді: өнер дамып келеді, бұл жанды және үздіксіз процесс», – деп қоюшы хореограф Василий Медведев өз ойымен бөлісті.

«Ұмытылған балеттерді қалпына келтіру жұмысы – хореограф үшін бірегей тәжірибе. «Раушан гүлі мен көбелектің романы» - бұл ұлы орыс хореографының шығармашылық мұрасын сақтаудың, оны неоклассикалық рухта қайта ойластырудың үлгісі және, әрине, әлемдік балет өнерінің дамуына қосқан үлесі болып табылады» - деп қоюшы хореографтың ассистенті Станислав Фечо атап өтті.

Осы спектакльдің әр көрсетілімінде сахнада өнер көрсеткен жас балет әртістері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, зор қошеметке ие болды. Эмоцияға толы тамаша орындау техникасы әртістерге сахнада жарқын, ұмытылмас бейнелер жасауға мүмкіндік береді.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.