09/03/2022

«Астана Балет» сахнасында салтанатты гала-концерт өтті

4-5 наурызда «Астана Балет» театрында Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік гала-концерт өтті. Астананың тұрғындары мен қонақтары әлемдік балет классикасы мен авторлық классикалық хореографияның үздік қойылымдарын тамашалады. Екі кеш те жоғары деңгейде өтті. Концерт барысындағы көрермен қауымның ыстық ықыласы мен зор қошеметі соның айғағындай.

Бірінші бөлімде театрымыздың жетекші солисттерінің қатысуымен, Л.Минкустың «Баядерка», А.Хачатурянның «Спартак», А.Аданның «Корсар», Ф.Шопеннің «Шопениана», Ц.Пунидің «Сатанилла» және т.б. балеттерінен па-де-де мен трио орындалып, талғампаз көрермен назарына ұсынылды.

Осы кештің ұмытылмас, әсерлі сәттерінің бірі Людвиг Минкустың музыкасына Мариус Петипа қойған «Баядерка» балетінен рas d'action премьералық көрсетілімі еді. Оны сахналаған Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Астана Балет» театрының ұстаз-репетиторы Майра Қадырова. Алғашқы кеште премьералық көрсетілімде басты әйел партиясын театрдың жетекші солисті Айнұр Әбілғазина, ал, екінші күні – театрдың бірінші солисті Анар Дүкиева орындады. Ал, басты ер партиясын орындаған, яғни, Солордың рөлін сомдаған театрдың жетекші солисті Сүндет Сұлтанов.

Театр сахнасында үйлену тойының рәсімі суреттелді. Оған раджа Ғамзаттидің қызы мен ел аузындағы ержүрек сарбаз Солор қатысады. «Баядерка» балетінен рas d'action – балеттің шырқау шегіндегі сахна. Осы көріністе балет әртістері кәсіби мүмкіндіктерімен қатар, актерлік шеберлігін де паш етті. «Баядерка» балеті алғаш сахналанған кезде-ақ, замандас сыншылар тарапынан хореограф Мариус Петипаның ғаламат туындысы ретінде жоғары бағаланған болатын. Бұл – үнді халқының аңыз-әпсаналарымен өрнектелген, махаббат, адалдық пен сатқындық жайлы әсем туынды.

Екінші бөлімде хореографиялық өнерді бағалаушы көрермен қауым П.Чайковскийдің музыкасына хореограф Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» дивертисментін тамашалады. Бұл оның осы театрдағы алғашқы көлемді туындысы. Хореографтың айтуынша, бұл – академиялық би тілінің күшімен классикалық өнерді мадақтаған дастан деуге тұрарлық дүние. Салтанатты «Триумф» - әсемдік, нәзіктік пен шырқау биіктік тұтасып, классикалық балет ғаламатымен толысқан сәт.

Осы екі кеште де «Астана Балет» театрының әртістері Дарина Қайрашева, Илья Манаенков, Фархад Буриев, Назерке Аймұхаметова, Риза Қанатқызы, Аңсаған Көбентай, Айдан Қалжан және өзге де бишілер өнер көрсетті.

Айта кетейік, 1-2 сәуірде "Астана Балет" театрының сахнасында әйгілі хореограф Иржи Килианның Стивен Райх музыкасына қойған заманауи балет жауһары "Falling Angels" ("Азғын періште") премьерасы өтеді.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.