02/03/2022

«Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің дебюті

26-ақпанда бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің дебюті өтті. Дарынды музыканттардың басын қосқан жаңа ұжым қазірдің өзінде жоғары кәсіби деңгейімен ерекшеленеді. Кеш шымылдығын Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрі Даурен Абаев құттықтау сөзімен ашты.

«Өзіміздің симфониялық оркестрдің құрылуы – мәдени дамуымыздың көрсеткіші болуымен қатар, елорданың музыкалық тыныс-тіршілігіндегі елеулі оқиғаның бірі. Біз үшін бұл зор мақтаныш, үлкен жауапкершілік. Жаңа оркестрдің алға қойған мақсаты орасан: еліміздің жетекші ұйымдарының қатарына қосылып, Қазақстан мәдениетін жоғары дәрежеде паш ету», - деген ойымен бөлісті, театр директоры Александр Совостьянов.

«L'ouverture» концертінің бағдарламасына классикалық музыканың әйгілі шығармалары енген. Бірінші бөлімде астаналық көрермен назарына Е.Брусиловскийдің «Дудар-ай» симфониялық поэмасы, К.Сен-Санстың «Danse Macabre» және Н.Римский-Корсаковтың «Испандық Каприччио» шығармалары ұсынылды. Екінші бөлімде – Рахманиновтың Фортепиано мен оркестрге арналған #3 концерті орындалды. Шақырылған солист ретінде өнер көрсеткен – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көптеген Халықаралық байқаулардың лауреаты Әмір Тебенихин.

«Қазақстанда бұл ең жас кәсіби ұжым. Құрамы жағынан да, құрылған уақыты жағынан да. Көрермен алдында алғаш өнер көрсету мен үшін де, музыканттар үшін де зор жауапкершілік. Осы сәтті көптен күтіп едік. Шығармашылық өнерімізбен елорда тұрғындары және қонақтарымен бөліскіміз келеді. Тұсаукесер концертте Қазақстанда көп орындала қоймайтын, ғаламат, ерекше шығармалар таңдалды. Осы арқылы өзіміздің мүмкіндігімізді паш еттік. Көрермен қошеметіне қарағанда, біздің оркестр көңілден шыққан тәрізді», - деді, театрдың симфониялық оркестрінің бас дирижері Арман Оразғалиев.

«Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің концертмейстері Қаламқас Жұмабаеваның айтуынша, «…жас ұжым болғандықтан, біз үшін бұл өте маңызды концерт. Оркестрімізде тәжірибелі музыканттармен қатар, жас орындаушылар да бар. Бірақ, бәріне ортақ бір дүние – жұмыс істеп, шығармаларды орындап, өнердің бәрінен де жоғары екенін баршаға көрсетуге деген құлшыныс басым».

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.