20/08/2026

«Астана Балет» театры XIII театр маусымының шымылдығын «Алтын Гүл» балетінің премьерасымен жапты

26 және 27 маусымда «Астана Балет» театры XIII театр маусымын жарқын аяқтап, көрермен қауым көптен күткен «Алтын Гүл» ұлттық балетінің премьерасын өткізді. Екі күндік премьералық көрсетілімде көрермен залында ине шаншыр орын болмай, балет сыншылары, мәдениет қайраткерлері мен театрдың көптеген қонақтарын біріктірген нағыз өнер мерекесіне айналды.

Сюжеттің негізінде бірегей тарихи артефакт жатыр – біздің дәуірімізге дейінгі III–II ғасырларға тиесілі Теңлік қорғандарынан табылған қызғалдақ бейнеленген алтын табақша. Дәл осы символ авторларды дала қызғалдағының сұлулығына тәнті болған шебер Зергер туралы философиялық хикая шығаруға шабыттандырған еді. Ертедегі зергер өз өнерін мәңгілікке қалдыра білді.

Классикалық балет, неоклассика және заманауи би тілі арқылы спектакль рухани ізденіс, шабыт және ұрпақ сабақтастығы туралы баяндайды. Дала қызғалдағының орталық бейнесі сұлулықтың, өмірдің, жаңарудың және адамның туған жерімен ажырамас байланысының символына айналады. Көрермен қауым жаңа қойылымды жылы қабылдады, оның көркемдік шешімін, мәнерлі хореографиясын, музыкалық драматургиясын және жарқын сахналық бейнелерін жоғары бағалады.

Театрдың бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри премьерадан кейінгі эмоцияларымен бөлісті: «Біздің бүкіл команда үшін бұл өте қызықты күндер болды. Біз шын жүректен уайымдадық, Өйткені әркім осы спектакльге өз жанының бір бөлшегін салды. «Алтын Гүл»  – біздің мәдениетімізге, тарихымызға және табиғатымызға деген сүйіспеншіліктен туған ерекше қойылым».

Театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов премьера театр маусымының лайықты аяқталуына айналғанын атап өтті: «XIII театр маусымының «Алтын Гүл» премьерасымен аяқталуы біздің театр үшін маңызды оқиға болды. Бұл спектакль ұлттық мәдени мұраны сақтауға деген ұмтылысымызды бейнелейді, оны заманауи балет өнері арқылы ашады. Көрермендердің шын жүректен қошемет көрсетуі бүкіл шығармашылық топтың үлкен жұмысына ең жақсы баға болды. Әртістерге, қойылым тобына, театр қызметкерлеріне және, әрине, біздің көрермен қауымға өнерге деген сенімі мен сүйіспеншілігі үшін алғыс айтқым келеді».

Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ренат Ғайсин: «Бұл менің «Астана Балет» театры үшін жасаған алғашқы жұмысым емес, бірақ әр қойылым мен үшін өзінше ерекше. Балет әртістерінің пластикасы, эмоционалды қайтарымы мен шеберлігі арқасында музыканың сахнада өмірге келгенін көру үлкен бақыт. Мукарам Авахримен жұмыс істеу бір ғанибет. Бұл бүкіл шығармашылық топты шабыттандыратын және музыканы сахнада тірі құбылысқа айналдыратын нәзік көркемдік талғамы бар дарынды хореограф».

Либреттоның авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков, костюм суретшісі Әйгерім Алтыбасарова.

«Алтын Гүл» премьерасы XIII театр маусымының жарқын финалы ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның бай мәдени мұрасы көрерменге жақын әрі түсінікті бола отырып, заманауи сахналық бейнені таба алатындығының тағы бір дәлеліне айналды.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтті.