25/11/2023

«Астана Балет» Театры балет өнері қайраткерлерінің арасында екі аталым бойынша «Freedom Ballet» сыйлығымен марапатталды

21-қарашада Қазақ ұлттық хореография академиясында Қазақстан Республикасының балет өнері қайраткерлерін «Freedom Ballet» сыйлығымен салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Қазақ балетінің дамуына қосқан үлесі үшін «Педагог» аталымы бойынша «Астана Балет» театрының ұстаз-репетиторы Майра Қадырова; «Орындаушы» аталымы бойынша – жетекші солист Сүндет Сұлтанов марапатталды.

Майра Шафкатовна Қадырованың есімі қазақ балетінің әйгілі есімдерімен қатар аталады. ХХ ғасырдың 70-80-90-шы жылдардағы танымал балерина көрермен жадында романтикалық амплуасымен есте қалды. Мәскеуде білім алып, отандық балет мектебінің орындаушылық шеберлігіне зор үлесін қосқан оның шығармашылық даңғыл жолы ХХ ғасырдағы әйгілі биші Рамазан Баповпен сахнадағы бірлескен партиялары арқасында қалыптасқаны жасырын емес. Олар қазақ балет театрын дүниежүзінің белді сахналарында паш етті! Сахнадағы мансап жолын аяқтаған соң, Майра Қадырова классикалық бидің үздік ұстазы әрі еліміздің тұңғыш кәсіби балет мектебінің көркемдік жетекшісі қызметін қатар алып жүрді. Оның тәлімін көрген шәкірттерінің арасында халықаралық байқаулардың лауреаттары, дүниежүзінің балет театрларында еңбек ететін бишілер бар. Осы күні Майра Қадырова «Астана Балет» театры әртістерімен өзінің мол шығармашылық әрі педагогикалық тәжірибесімен бөлісіп келеді.

Балет бишілерінің жас буынының өкілі, «Астана Балет» Театрының мақтанышы – солист Сүндет Сұлтанов. Қарапайым, дарынды биші театр репертуарындағы барлық дерлік жетекші партияларды орындайды. Даралығы, түрлі бейнелерді терең түсініп, сомдауының арқасында көш бастаған ол, театрдың балет труппасының тірегіне айналды. Сүндет Қазақстанның 100 жаңа есіміне ілініп, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалімен, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің сыйлығымен марапатталған.