30-қараша мен 1-2 желтоқсанда «Астана Балет» сахнасында биылғы театр маусымының көптен күткен премьерасы – Ресей және Татарстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Владимир Яковлевтің хореографиясындағы Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта» спектаклі зор табыспен өтті. Премьералық көрсетілім бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен көрсетілді.
«Менің ойымша, Владимир Яковлевтің қойылымы сол дәуірдің атмосферасын, рухы мен эстетикасын айнытпай көрсете алды. Спектакль ауқымды болып шықты. Оған театрдың бүкіл труппасы мен Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары қатысты. Хореографияны, актерлік шеберлігін ұштау үшін әртістер ұзақ уақыт репетиция жасады. Шекспир шығармасындағы ойды, адам жанының психологиялық иірімдерін, осы классикалық оқиғаның драматизмін түбегейлі жеткізу оңайға соқпады. Бұған қоса олар рапирамен қылыштасуды үйренді. Себебі, бұл қойылымда шайқас сахналары өте көп», – деп атап өтті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Балғын жастардың түбіне жеткен өштескен екі отбасының текетіресі жайлы дастан талай ғасырдан бері өзінің поэтикалық тілі, қарама-қайшы бейнелерімен өнер сүйер қауымның ынта-ықыласын оятып келеді.
«Осы театрға келген бойда бір-ақ ауыз сөз айттым: осында қойылатын спектакль Қазандағыдан да асып түсуі керек. Бұл міндетті орындап шықтық деген үміттемін. Қысқа уақыт ішінде орындаушылар өз партияларын тиісті биігінде алып шықты. Балет және техникалық мүмкіндіктерді ескеріп, кей тұстарын, мизансценаларды өзгертіп, сахнадағы әркетті үзбеу үшін екі актті біріктірдім. Қанша дегенмен, қазіргі көрермен, жалпы қазіргі өмір ырғағының өзі спектакльдің едәуір динамикалы болуын талап етеді. Ең күрделісі, көріністер жиі алмасып отырады. Техникалық топтың қолынан келе ме екен деп, біраз қобалжыдым. Сөйтсем, мұным бекер болған екен. Олар бәрін мінсіз жасап шықты», – дейді қоюшы-балетмейстер Владимир Яковлев.
Көпшілік сахналар, әсем костюмдер мен көз жауын алар декорациялар, өте әдемі бейнеграфиканың арқасында көрермен қауым Қайта Өрлеу дәуіріне шомғандай күй кешіп, бас кейіпкерлердің жан арпалысын, толғанысын өз бойынан өткізгендей болады.
«Әрине, бұл қойылым бұған дейін біз көрген нұсқалардан бөлек. Меніңше, бұл қойылымның драматизмі терең. Оның үстіне, әр балетмейстер өзіне жақын дүниені іздейді ғой. Бәлкім бұл ым-ишара, қиыл-әрекет болар. Сірә, мұнда хореографияның өзі емес, әртістің кейіпкерін сомдауы аса маңызды болса керек. «Астана Балет» труппасы осы қойылымға ерекше зейін қойғаны көрініп тұрды. Әртістердің көздері от болып жанып, бүкіл ынта-ықыласымен, барын салып жұмыс істеді. Шекспир бұл туындыны әлдеқашан жазса да, бұл тақырып өзектілігін жоймақ емес. Ол әрқашан тың болады», – деген ойымен бөлісті, қоюшы-балетмейстердің ассистенті Луиза Мухаметгалеева.
Әр күндері басты партияларды орындағандар: Ромео – Сүндет Сұлтанов пен Уэсли Карвальо, Джульетта – Назерке Аймұхаметова мен Наталия Фернандес Менес, Тибальд – Фархад Буриев пен Бауыржан Боранбаев, Меркуцио – Ерқанат Ермағамбет, Бенволио – Нұрзат Берікқазыұлы, Парис – Уэсли Карвальо мен Сүндет Сұлтанов, Лорд Капулетти – Ильдар Шакирзянов, Леди Капулетти – Әсел Жанғасқаева мен Риза Қанатқызы, Джульеттаның күтушісі – Шырын Зайчикова.
Премьера Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.