8-мамырда «Астана Балет» театрының шығармашылық ұжымы Талдықорған қаласына гастрольдік сапармен барады. Гастроль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтпекші. Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында «Ұлы дала мұрасы» атты концерттік бағдарлама көрсетіледі.
«Астана Балет» театрының бас балетмейстері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері әрі еліміздегі қазақ биін қоюшылардың көшін бастап отырған Айгүл Тәтидің шығармашылығы көрермен назарына ұсынылады. Дивертисменттің әр биі көшпелі халықтың дүниетанымын көрсетіп, Ұлы Дала кеңістігінде орын алған қызықты оқиғаларды суреттейді.
Театрымызды әйгілеп тұрған осы бағдарлама еліміздің, Еуропа мен Американың ірі қалаларында көрсетіліп, көрерменнің зор қошеметіне бөленген болатын. Ұлттық бидің сан қырлы иірімдері мен көркем музыка көрермен қауымды бей-жай қалдырған емес. Ұлттық нақыштағы хореографиялық сюиталардың топтамасына қарап, этнографиялық материал мен батыл балетмейстерлік шешімдер үйлесім тапқан қазіргі заман хореографиясының көтерілген шыңын бағамдауға болады.
«Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасында визуалды-көркемдік әсерлер кеңінен қолданылады. Бишілердің костюмдері де көз тартарлық. Қайталанбас пластикалық би өрнегі мен бишілердің көркем бейнелері көздің жауын алып, ұлттық бидің бірегей үлгісін паш етеді. Хореографиялық туындылардың эстетикасы, тартымдылығы мен ой тереңдігі әлемнің түкпір-түкпіріндегі көрерменнің көңілін тербеп, тамсандырмай қоймайды.
Іс-шараның басталуы: 8-мамыр, сағат 18.00. Билеттерді Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының кассасынан сатып алуға болады.
Анықтама ретінде: «Астана Балет» Театрының репертуарында әлемдік және отандық классиканың жауһарлары, бірегей хореографиялық қойылымдар бар. Репертуардың сан-алуандығы, бишілердің шеберлігі, сахнаны безендірудің көркемдік биігінің арқасында «Астана Балет» өз елінде ғана емес, шет елдерде де зор қошеметке ие. Дүниежүзінің би сыншылары дәстүр беріктігімен қатар, хореографиялық миниатюралардың тың интерпретациясына, орындаушылардың сезімталдығы мен стиль мінсіздігіне көңіл аударып, ерекше атап өтеді.