17/03/2022

«Астана Балет» театрының ұжымы Мемлекет басшысының Жолдауын қолдайды

Бүгін «Астана Балет» театрының ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауымен мұқият танысып шықты.

Президент Жолдауында жақын арада жүзеге асырылуы тиіс саяси реформалардың жаңа бағдарламасы мен бірқатар әлеуметтік-экономикалық шаралар туралы сөз қозғалды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша насихаттауымыз керек.

Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құруда септігі тиетін бірнеше бастама мен маңызды міндеттерді алға тартты: Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгертулер енгізу, БАҚ бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ел тарихымен тығыз байланысты Ұлытау, Абай және Жетісу облыстарын құру.

Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстан тұжырымдамасы жайлы мынадай пікір білдірді: «Жаңа Қазақстанды құру, жалпы, ел дамуының парадигмасын өзгертуге бағытталған. Біз әр қадамымызды екшеп басып, алған бағытымыздан ауытқымай келеміз. Жаңа Қазақстанда баршамыз «алуан-түрлі көзқарасы бар біртұтас ұлт» ұстанымына берік болуымыз керек. Диалог пен ымыраға келудің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақтастықты нығайтудың маңызды факторларының біріне айналады».

«Астана Балет» театрының ұжымы ел Президенті ұстанған бағытты толық қолдайды. Мемлекет басшысының салиқалы шешімдері мен барша қазақстандықтардың ынтымағы арқасында Тәуелсіздігіміздің жемісін әрбір азаматымыз сезінетіндей қуатты мемлекет – Жаңа Қазақстан құратынымызға сенімдіміз.