13/02/2024

«От қыз» ертегі-балеті «Астана Балет» сахнасында қайта көрсетіледі

2-наурызда «Астана Балет» театры ХІ маусымның жарқын премьерасы – Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «Оқ қыз» балетін көрермен назарына тарту етеді. Балет либреттосының авторы Бақыт Қайырбеков. Спектакль бас дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.

«Қазақ мифтері мен ертегілерінің желісімен балалар спектаклін қоймақшы болғанымызда Бақыт Қайырбеков түрлі ауыртпашылық пен тағдыр талайына қарамастан барлық кедергілерді еңсере білген Шүйгін Шөп елінің От ханшайымы туралы сюжетті қысқа-нұсқа баяндап берген болатын. Осы әпсананың өзі халқымыздың бойындағы өмірлік күш-қуатын аңғартса керек», - деген естелігімен бөлісті Мукарам Авахри.

Балет Шүйгін Шөп елінде болған оқиғаны суреттейді. Мерген есімді бойжеткен мен От ханшайым және оның ата-анасы Күн құдайы Күнсұлу мен Тәңір бірлесіп, жұмыр жерді топан су мен мәңгілік аяздан, аждаһа Жұттың қаһарынан құтқарып қалады. Кез-келген ертегідей, мұнда да жақсылық зұлымдықты жеңіп, көрермен қауымға ізгілік пен ғажайыпқа толы әлемді паш етеді.

«Бұл – композитор Карина Абдуллинаның театрымызда сахналанған екінші туындысы. Осы жолы алдында тұрған міндет те күрделі еді. Болмысы сан қырлы кейіпкерлердің ғана емес, қойылым тақырыбын аша түсетін партитура шығаруы керек болатын. Балет музыкасы расында да өте әсерлі болып шықты. Ырғағы ерекше, ұлттық нақыштағы әуендері құлаққа жағымды әрі бірден жадыңда жатталып қалады», - дейді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Балет сценографиясы ерекше көркем, заманауи, түрлі техникалық және мультимедиалық шешімдері қызықты, костюмдері де әсем болып шықты. Сөз жоқ, бұл туындының тағы бір маңызды ерекшелігі – хореографиясы. Көпшілік сахналар мен дуэттерде Мукарам Авахридің табысты ізденімпаздығы аңғарылады. Бір қарағанда қарапайым көрінетін қимылдар әр кейіпкердің көркем бейнесін аша түседі.

Басты партияларды орындайтындар: От қыз – Дарина Қайрашева, Мерген – Ерқанат Ермағамбет, Мерген-суыр – Артемий Сеялов, Дауыл – Уэсли Карвальо, Ай – Риза Қанатқызы, Күнсұлу – Әйгерім Келемеденова.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.