19/02/2024

«Астана Балет» сахнасында мерекелік Gala Ballet

7-наурызда «Астана Балет» сахнасында Халықаралық әйелдер күніне арналған Gala Ballet өтеді. Көрермен назарына елордалық театр солисттерінің орындауындағы классикалық мұра жауһарларымен қатар, заманауи хореографиялық қойылымдар енген мазмұнды бағдарлама ұсынылады. Мерекелік кеш маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.

Бірінші бөлімде П.Чайковскийдің музыкасына Айнұр Әбілғазина қойған «Триумф» бір актілі балеті көрсетіледі. Балетмейстердің айтуынша, бұл қойылым – классикалық өнерге арналған мадақтың академиялық би тілімен өрілген түрі. П.Чайковскийдің музыкасына қойылған «Триумф» Айнұр Әбілғазинаның театрдағы алғашқы ауқымды қойылымы.

Кештің екінші бөлімінде хореография өнеріне тәнті қауым әсем костюмдер мен көз тартар декорациялары бар балет қойылымдарындағы жеке және дуэт билерін тамашалай алады. Айталық, Арам Хачатурянның «Спартак», Сергей Прокофьевтің «Ромео мен Джульетта», Борис Асафьевтің «Париж алауы», Эдит Пиаф, Шарль Дюмон және Жак Брельдің музыкасына бразилиялық хореограф Рикардо Амаранте қойған, Құралай Қанапинаның орындауындағы фортепианоның сүйемелдеуімен өтетін LOVE FEAR LOSS» балеті, Сергей Рахманиновтың «Көктемгі су» хореографиялық миниатюрасы сынды классикалық және неоклассикалық спектакльдердің үзінділері көрсетіледі.

«Мерекелік Gala еліміздің балет өнерінің қазіргі жеткен биігін тануға зор мүмкіндік береді. Көрермен қауым жарқыраған жұлдыздардың өнеріне, орындаушылық шеберлігіне тәнті болары анық. Кеш бағдарламасы жан-жақты әрі мазмұнды болып шықты. Біз, ең әуелі, келіп жеткен көктем жылуын, шуақ нұрын жеткізгіміз келді. Әртістеріміздің орындауындағы Gala Ballet өнерге, сұлулыққа, өмірге деген кіршіксіз махаббаттың белгісіндей. Осы сезіммен бөліскіміз келді. Шығармашылығымыз арқылы қалың көрерменмен бөлісетін іңкәр сезім, өмірге деген құштарлық сынды сезім қуатын әр көрермен сезінеді деген үміттеміз», – деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

7-наурызда өнер көрсететін «Астана Балет» театрының әртістері: Татьяна Тен, Сүндет Сұлтанов, Уэсли Карвальо, Айнұр Әбілғазина, Наталья Менес, Фархад Буриев, Назерке Аймұхаметова және өзгелер.

Наурыз айында астаналық ұжым тағы екі бағдарлама ұсынатынын айта кеткен жөн: 15-16 наурызда «Махаббат туралы аңыз» балеті, Наурыз мейрамының қарсаңында, 21-науразда «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті көрсетіледі.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.