1-2 сәуірде «Астана Балет» театрында қазіргі заман биінің кемеңгері Иржи Килианның Стивен Райх музыкасына қойған «Жолдан тайғандар» балеті көрсетілмекші. Әлемнің үздік сахналарында 30 жылдан астам уақыт қойылып жүрген бұл туынды – балетмейстердің «Қара және ақ» атты балетінің бір бөлімі. Оны елордалық театрда сахналаған – дарынды хореограф Стефан Жеромски.
Академиялық балет қағидаларынан алшақтап, өзіндік стилін қалыптастырғысы келген танымал чех хореограф-философтың туындысы астаналық театрда алғаш көрсетілмекші. Бірде, классикалық балет қоюға қалай қарайсыз деген сұраққа, хореограф: «жоқ, мен өзімнің поэзиямды шығаруды құп көремін», деп жауап берген екен. Осы бір ауыз сөзінен-ақ Иржи Килианның болмысын тануға болады. Батыл эскперимент жасап, жаңашыл болудан қашпаған терең ойшыл. Оның туындылары әлдеқашан қазіргі заман балетінің жауһарына баланып, ал, танымал театрар Килиан туындыларын өз репертуарына қосуға асық.
«Иржи Килианның шығармашылығымен таныстығым нақ осы туындыдан басталып еді. Бұл балетті алғаш көргенімде төбем көкке жетердей тамсанып, ерекше күй кешіп едім. Осы тектес дүние жасауға болады-ау деген, үш ұйықасам түсіме кірмепті. Оның балетінде билеу әр бишінің арманы. Көп ұзамай, қазақстандық көрермен театрымыздың дарынды әртістерінің орындауында осы спектакльді тамашалай алатыны, шынымды айтсам, мені қуантып отыр», - деген ойымен бөлісті, «Астана Балет» театрының көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Иржи Килиан хореографиясы мен Стивен Райхтың дауылпаз композициясының үндестігінің нәтижесінде сегіз балеринаның ғажайып биі пайда болды. Ал, хореографтың өзі: бұл біздің мамандық туралы балет» дейді. Бір атап өтерлігі, оның туындысы ғажайып музыкалық әуездігімен, монохромдық эстетикасымен және бидің әлемдік деңгейімен ерекшеленеді. Килианның балеті – сан-түрлі сезімдердің бұлқынысы іспетті: сезімтал әрі ғажайып би пластикасы өн бойыңызды баурап әкетеді.
Кештің екінші бөлімінде өнерсүйер қауым назарына 2021 жылғы ерекше премьера – «Тағдыр бұлтарыстары» тарту етіледі. Балеттің музыкасы мен либреттосын танымал қазақстандық әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина жазған. Хореограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Балет» театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри.
Бұл – әлемдік өнердегі бірегей жоба. Өйткені, екі мың жылдан астам тарихы бар Таро карталар жүйесі туралы бұған дейін бірде-бір музыкалық я болмаса хореографиялық туынды болмаған еді.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.