27/02/2021

Баланчин қорымен онлайн режимде өткен репетиция

«Астана Балет» театрында репетиция бұрын-соңды болмаған онлайн режимде өтті. Астаналық театр әртістері бір актілі «Серенада» балетін Баланчин қорының хореографы Виктория Саймонға көрсетті. Осыдан төрт жыл бұрын ол бұл балетті «Астана Балет» сахнасында қойған болатын.  

Джордж Баланчин спектакльдерінің репертуарда болуы үшін театр әйгілі хореограф атындағы Қор тарапынан лицензия алады. Регламентке сәйкес, араға біраз уақыт салып, Қор өзінің өкілін жіберіп, спектакльдің Баланчин стилінің стандарттары мен техникасына сәйкес келуін тексереді.  

«Қазіргі техникалық мүмкіндіктердің арқасында, шекара жабық болғанымен репетиция өткізуімізге еш кедергі болмады. Дәл қазір Австралияда жүрген Виктория Саймон онлайн режимде труппаның орындаушылық шеберлігімен қатар, жалпы, спектакльдің жай-күйіне баға бере алды. Біз білеміз ғой, әр спектакль Баланчин қоры ұстанатын жоғарғы сапа стандарттарына сәйкес болуы тиіс», - деп атап өтті ұстаз-репетитор Қазбек Ахмедияров.

Қойылым жасалғанда Қазбек Ахмедияров қоюшы-хореограф Виктория Саймонның ассистенті ретінде еңбек етті. Әлі күнге дейін, ол неоклассика атасы мұрасының стандарттары мүлтіксіз сақталуын қадағалап келеді.

«Шынымды айтсам, спектакльдің орындалу сапасы Викторияның көңілінен шығатынына бір сәт те күмәнданбадым. Себебі, осыдан төрт жыл бұрын бізге табысталған нұсқаны мүлтіксіз сақтап келеміз. Музыкалық және хореографиялық ережелері толық сақталған. Ол біздің еңбегімізді жоғары бағалап, тіпті, кейбір нюанстарды өзгерту арқылы хореографияны күрделендіруді де ұсынды», - деп, алған әсерімен бөлісті Қазбек Ахмедияров.

Есіңізге сала кетейік, «Астана Балет» театры әйгілі америкалық неоклассиктің балетін Орталық Азияда қойған тұңғыш театр. «Серенада» балетінен бөлек, театр репертуарында «Кончерто Барокко» да бар. Ал, таяу болашақта Джордж Баланчиннің – «Лағыл» атты тағы бір туындысын қою жоспарланып отыр.