18/07/2023

Би мәнеріндегі саяхат: «Астана Балет» театрының 10 жылдығы

14-шілдеде «Астана Балет» театрының сахнасында Astana Ballet Gala көрсетілім, мерейтойлық X маусымның шымылдығы жабылды. Астаналық театр осы он жылда сахналанған үздік қойылымдардың үзінділерін паш етті. Көрермен қауым классикалық және неоклассикалық мұраны, авторлық спектакльдер мен хореографиялық миниатюраларды тамашалап, бір жасап қалды.

«Ерекше жылы сезіммен мерейтойлық маусымымыздың шымылдығын жауып, көрерменге алғысымызды білдіргіміз келеді. Осы он жыл ішінде Театрымыз екпінді даму жолына түсіп, талай шығармашылық және кәсіби белестерді бағындыра білді. Біз шығармашылық ынтымақ пен өзара қолғабыс атмосферасын қалыптастырып, нәтижесінде өз әлеуетімізді барынша әйгілей білдік. Қала тұрғындары мен қонақтары әр қойылымды асыға күтетін өнер ордасына айналғанымызды мақтаныш етеміз. Өнерімізге жанашыр жандардың қатары да жыл өткен сайын арта түсті. Біз дүниежүзіне саяхат құрып, кәсіби біліктілігіміз бен өз ісімізге адалдығымызды паш етіп, өнерімізге тәнті жандардың қатарын көбейттік. Көрермен қауымның қолдауын ерекше бағалаймыз. Бізге деген сенімін де аяқасты етпей, әлі де кемелдене түсіп, талай жетістікке жетеріміз айқын. Көрермен көзайымына айналған әлі талай қойылымдар сахна төрінен көрінері анық», – деп атап өтті, театр директоры Александр Совостьянов.

Мерейтойлық кеште келесі спектакльдерден үзінділер көрсетілді: А.Әбілғазина «Триумф», Г.Ковтун «Спартак» және «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», А.Алонсо «Кармен-сюита», Ю.Григорович «Махаббат туралы аңыз», М.Авахри «Жусан», бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің тындылары – «Diversity», «Love Fear Loss», «A Fuego Lento»; хореограф А.Тәти шығарған «Арулар», «Әсем қоңыр», «Ақ қыз» және «Тәңір сыйы – Ақ жол» хореографиялық миниатюралары, М.Авахри «Скиф фрескалары», А.Цой «Қуанамын», А.Садықова және А.Шәмшиев «Серілер салтанаты». Концертке маэстро Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестр қатысты.

«Мерейтойлық Astana Ballet Gala он жылдық даңғыл жолымыздың бір көрінісі. Осы уақыт аралығында алған асу, жеткен жетістіктеріміз баршылық. Отандық хореография өнерінің даму жолында атқарған ісіміз ұшан-теңіз деп нық сеніммен айта аламыз. Біз отандық өнерді халықаралық деңгейде паш етіп келеміз. Алдағы маусымға жоспарлаған дүниелеріміз де аз емес. Дарынды хореографтарды, композиторларды, суретшілер мен әртістерді жұмылдыра отырып, көрермен көкейінен шығатын тың дүниелерді сахналап, балет сахнасындағы батыл эксперименттерге де баратынымызды айтып қойғым келеді», - деп қорытты өз ойын, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.