03/09/2019

«Астана Балет» Театрының Лондондағы гастроліне билеттер бір ай бұрын сатылып қойды

Дүниежүзіндегі көрерменінің алғысын алған «Астана Балет» Театры жетінші маусымын ашты. Қыркүйектің 12, 13 және 14 күндері балет труппасының гастролі әлемдегі әйгілі сахналардың бірі - Ковент-Гарден Корольдік театрында өтпекші. Балет өнерін жан-тәнімен сүйетін көрермен Театрымыздың үш күндік гастроліне билеттерді бір ай бұрын сатып алған екен.

Лондон тұрғындарына жанры сан-алуан бағдарлама көрсетілмек: неоклассикалық қойылымдар мен заманауи және ұлттық хореография.

Гастроль шымылдығы Театрымызды әйгілеп тұрған «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасымен ашылады. Бұл бағдарламада ұлттық балет үзінділерімен қатар, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін айғақтап тұратын хореографиялық композициялар топтастырылған.

Сонымен қатар, француз әншісі Эдит Пиафтың ғажайып ғұмыры мен мазмұнды шығармашылығынан нәр алған үш дуэттен тұратын, бір актілі   «Love Fear Loss» балеті де көрсетіледі. Неоклассикалық туындылардың ішінен «A Fuego Lento» («Баяу жалын») атты бір актілі балетті де көрермен назарына ұсыну ұйғарылды. Мұнда танго мен заманауи хореография бір арнаға тоғысып, аргентиналық композиторлардың жаныңызды жадыратар шығармалары әуелейді.

Ал, гастроль шымылдығы Оскар Уальдтің «Саломея» атты пьесасының желісімен «Астана Балет» Театрының бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған бір актілі балетпен жабылмақшы. Бұл қойылым шет елде алғаш көрсетілмек. Библия әпсанасының өзіндік интерпретациясы қазақстандық хореографты шабыттандырған болатын. Мұнда орындаушылықтың түрлі техникасы қолданылады: пуантамен және жалаң аяқ билеу.

«Астана Балет» Театры өнер көрсететін Ковент-Гарден Корольдік театрының Линбури орталығының сахнасы соны техникамен жабдықталған. Ғимарат Лондонның тарихи орталығында орналасқан. Мұнда Корольдік балет пен Корольдік опера труппалары өз туындыларын Лондон тұрғындары мен қонақтарына паш етіп келеді.

Айта кетерлігі, «Астана Балет» Театры Ұлыбританияға гастрольдік сапармен алғаш аттанып отыр. Бұған дейін қазақстандық ұжым АҚШ, Франция, Италия, Ресей, Қытай, Бельгия мен Жапонияның әйгілі сахналарында өнер көрсеткен еді.