25-наурызда «Астана Балет» театры сахнасында «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы көрсетіліп, көрермен қауым қазақтың сайын даласына саяхат құрғандай күй кешеді. Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.
Кеш бағдарламасында ел ішінде ғана емес, шет елдерде де зор қошеметпен қабылданып, көпшіліктің ықыласына бөленген билер топтамасы көрсетіледі. Көрермен қауым еліміздің би өнерінің тарихындағы жарқын тұлғалардың бірі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахридің шығармашылығымен таныса алады. Бұл бағдарламада этнографиялық элементтер заманауи хореографиялық шешімдермен, жарқын бейнелермен, қызықты драматургиямен үйлесіп, астасып жатыр. Әрбір миниатюра – көшпелі ел дүниетанымының сан қырлы фәлсафасын мейлінше аша түсетін әпсана іспетті.
Хореограф Айгүл Тәти жаңа стилистикалық тәсілдерді іздеп, музыка, қимыл мен костюмнің тың үндестігін табуға ұмтылғанымен, мұрамызға айналған бидің ұлттық өрнегін барынша сақтауға күш салады. Сонымен қатар, оны ой елегінен өткізіп, пайым өлшемімен екшелейді: «Мен өзімізге дейінгі режиссерлік тәсілдердің құрсауында қалмай, бізге дейінгі қойылым стилінен мейлінше алшақтауға тырыстым. Мен дәстүрлі қазақ биінің шеңберінде қалмай, жаңа форма іздеуге, қазақы болмысымызды аша түсетін тың дүниелерді табуға тырыстым».
Бұл би топтамасын бірнеше сөзбен сипаттауға болар: Ұлт болмысына үңілу. Дәстүрді сақтап, қастерлеу. Жаңа формалардың мінсіздігі.
«Біз, жас буын өкілдері, оның қойған билерін зор қызығушылықпен орындаймыз. Айгүл Әбікенқызының хореографиялық миниатюралары өте әсерлі, әсем. Костюмдерін де ерекше атап өткен жөн. Музыка, хореография, ұлттық костюмдерін үндестік тауып, би арқылы жеткізбек ойымызды барынша ашып көрсетуге септігін тигізеді», - дейді театрдың екінші солисті Айдан Қалжан.
«Қазақ биін қолдың пластикасы, қыз баланың жүріс-тұрысынан айнымай тануға болады. Дегенмен, қазір оның шеңбері кеңейіп, заманауи хореографияда жас әртістер испровизацияға ден беріп, пластиканың жаңа элементтерін енгізіп жатыр. Бұл әсіресе балетке қатысты. Меніңше, эксперименттерге тыйым қоюға болмайды. Әйтсе де, ұлттық нақышты, ұлттық болмысты сақтау қажет. Егер фольклорлық би қойылса, демек, оның айқын талаптары сақталып, костюмге, стиль мен музыкаға ерекше мән берілуі керек», – деген ойымен бөлісті, хореограф Айгүл Тәти.