2022 жылдың желтоқсан айында І республикалық «Ашық сахна» байқауы аясында тәжірибелі және енді ғана қанат жая бастаған либреттистер, композиторлар, хореографтар мен сценографтар өз жұмыстарын қазылар алқасының құзырына тапсырған болатын. Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен талапкерлер қатысты. Жеңімпаздарды салтанатты марапаттау рәсімі мен байқаудың жеңімпаздары шығарған «Жеті қазына» хореографиялық миниатюрасының премьерасы «Астана Балет» театрының сахнасында 2023 жылғы 1-мамырда өтеді.
«Ашық сахна» байқауы биылғы маусымның керемет эксперименті. Біз үнемі ізденіс үстіндеміз. Тың идеяларды жүзеге асырып, театр өнері саласында жаңа есімдерді, жаңа дарындарды анықтауға тырысамыз. Идеялары көл-көсір дарынды қоюшыларымыз көп екенін зор сеніммен айта аламын. Осы байқау жыл сайын өтетін дәстүрлі байқауға айналады деген үмітіміз бар», - деген ойымен бөлісті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
I республикалық «Ашық сахна» байқауының жеңімпаздары:
«Либретто» аталымы бойынша - Мәдина Алданова;
«Хореография» аталымы бойынша - Уәлитбек Сиязбек;
«Музыка» аталымы бойынша - Шырын Базарқұлова;
«Сценография» аталымы бойынша - Александра Рычкова.
Қатысушылар бұл байқауға бүкіл ынта-ықыласымен кіріскенін атап өткен жөн. Алда ең қызықты кезең күтіп тұр – «Астана Балет» театры әртістері мен сахна шеберлерінің күшімен жаңа қойылымды сахналау.
«Жеті қазына» хореографиялық миниатюрасының премьерасы «Ұлы Дала мұрасы» дивертисментінің көрсетілімі барысында, «Астана Балет» театрының сахнасында 1-мамырда өтетін болады. Қойылым авторлары қазақ халқының болмысын салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы арқылы көрсетеді. Қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы фәлсафалық түсініктердің бірі «Жеті қазына». Қойылымға осы ұғым негіз етіп алынған.
«Жеті қазына» ер жігіттің өмірімен байланыстырылады. Жеті қазынаның бірнеше нұсқасы бар. Авторлар соның бірін қойылымға негіз етіп алды. Яғни, ер жігіттің жүйрік аты – қанаты. Қыран бүркіт – қуаты. Алмас кездігі – сұсы. Құмай тазы – саяттағы серігі. Ақ жаулық – жары, балаларының анасы. Ал, ақылы – байлық пен бақыттың тірегі. Осы жеті қазынасы сай жігіттің төрт құбыласы түгел, деп пайымдаған дана халқымыз.
Байқаудың құрылтайшылары – «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау қоры» жеке қоры мен «Астана Балет» театры, Бас серіктес «Самұрық-Қазына» АҚ мен бірыңғай қайырымдылық операторы - «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен.