Қаңтар айында «Астана Балет» театры көрермен назарына ғаламат спектакльдер, әсем композициялар мен орындау шеберлігінің шыңын паш етпекші. Елордалық ұжым жаңа жылдың шымылдығын «Үздік балалар спектаклі» аталымы бойынша Umai сыйлығымен марапатталған «Қар патшайымы» қойылымымен ашады. Бұдан бөлек, «Романтизм кемеңгері» атты симфониялық оркестрдің концерті мен «Күлше қыз» спектаклі де көрсетіледі.
10-13 қаңтарда өнерсүйер қауымның назарына Р.Салимовтың музыкасына Г.Ковтун қойған, отбасыңызбен бірге тамашалауға лайық, режиссерлік әрі көркемдік шешімдері қызықты «Қар патшайымы» спектаклі ұсынылады. 2022 жылдың желтоқсанында өткен премьерасынан кейін елордамыздың мәдени тынысын кеңейтіп, көпшілік асыға күтетін нағыз құбылысқа баланған спектакль. Ертегінің ғаламат сюжеті, көз жауын алар хореография мен ауқымды декорацияларымен көрермен жүрегінен орын алған балет маэстро Элмар Бөрібаевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
«Көпшілік сахналары мол, түрлі би лексикаларын қолданған, қойылым барысында қозғалатын әрі ойнатылатын қатты декорациялар мен бутафория – осы әдістердің бәрі «Қар патшайымы» балетінде бар. Спектакль, расында да көлемді болып шықты. 200 костюм тіктірдік, декорация сегіз мәрте алмасады. Оның үстіне, бұл спектакльге театр труппасының бәрі дерлік, оған қоса Қазақ ұлттық хореография академиясының оқушылары да қатысады», – деп атап өтті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Әр күндері басты партияларды «Астана Балет» театрының әртістері сомдайды: Сүндет Сұлтанов пен Назерке Аймұхаметова, Ерқанат Ермағамбет пен Анар Дүкиева, Риза Қанатқызы.
Тағы бір атап өтерлігі, 20-қаңтарда маэстро Элмар Бөрібаевтың жетекшілігімен симфониялық оркестрдің «Романтизм кемеңгері» атты концерті өтеді. Бағдарлама аясында әйгілі виолончель концерті мен Үшінші «Рейн» симфониясы орындалады. Шуманның әйгілі виолончель концертін орындаушының шеберлігі мінсіз, аспапты «сөйлете алар» қасиеті мен жалынды жүрегі болуы шарт. Осы қасиеттің бәрі – осы кеште солист ретінде өнер көрсететін, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Ермек Құрманаевтың өн бойынан табылады.
Әдетте композитордың Кёльн шіркеуінен алған әсерімен байланыстырылатын төртінші (соңғы) бөлімі туралы Чайковский былай деп жазған болатын: «Адам баласының көркем шығармашылығы бұдан күшті, бұдан терең дүние шығарған емес... Шіркеудің керемет сұлулығынан шабыттанған ұлы музыканттың бұл шығармасы келер ұрпақ үшін тап осы шіркеу секілді, адам рухының тереңдігін паш етер ескерткіш орнатқандай».
26-27 қаңтарда театр Н.Калининаның хореографиясымен қойылған «Күлше қыз» балетін тамашалауға шақырады. Сергей Прокофьевтің ғажайып музыкасын қоюшы-дирижер Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі театрдың симфониялық оркестрі орындайды. Кедей қыздың әуелі патша сарайындағы би кешіне қатысып, кейін нағыз ханшайымға айналғаны туралы әйгілі ертегі театр сахнасында көрініс табады. Шарль Перро қаламынан шыққан ертегі балетке сай келіп тұр. Мұнда бәрі бар: ғажайып құбылулар, сарайдағы би кеші, махаббат туралы әпсана мен жақсылық салтанат құрған финал.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.