17-ақпанда «Астана Балет» сахнасында театр әртістері дайындаған «Melodic show» бірегей шоу-бағдарламасы көрсетіледі. Концерт барысында танымал шығармалар, джаз және заманауи хиттер өзіндік аранжировкамен орындалып, көрермен қауым сүйікті музыкасын жаңа қырынан танитын болады.
Айта кетерлігі, «Melodic show» кезінде көрермен қауым әуеннен ғана емес, сахнадағы көріністен де ләззат алады, өйткені, әр шығарма хореографиялық вариациямен сүйемелденіп отырады. Бұл шоудың сахналық безендірілуі де ерекше. Көрерменге эмоциялық әсер етіп, ұмытылмас атмосфера сыйлайды.
«Әр концертіміз мазмұнды өткенін қалаймыз. Көрермен назарына белгілі бір құндылықтарды, идеяны жеткізгіміз келеді. Музыканы орындаудың өзі аудитория талғамының қалыптасуына әсер етеді ғой. Сондықтан, композицияларды іріктеп қана қоймай, ерекше атмосфера тудырған абзал. Сол арқылы көрермен жүрегінің тереңіне бойлап, аспапты музыкаға деген ықыласын оятып, шығармашылық арқылы асқақ сезімге бөлейміз», - деген ойымен бөлісті, концерт режиссері Айжан Хайдар.
Осы кеште орындалатын шығармалар: John Kander – «NEW YORK, NEW YORK»; Andrew Lloyd Webber – «The Phantom of the Opera»; Claude Bolling – Suite for Flute & Jazz Piano Trio; Rondo Veneziano - Armonie for oboe & violin; Kim Soo Jin – «B Rossette»; Zequinha de Abréu – «Tico Tico»; Drum Show (барабаншылар шоуы), сонымен қатар, оркестр әртістерінің өзіндік өңдеуіндегі түрлі жанрдағы шығармалар.
«Осы жолы астаналық көрермен қауымға шоу-бағдарламамызды тарту ете отырып, оркестр мүшелерімен ғана емес, сахнаны жақсы көретін, өз көрерменін тани білетін нағыз әртістермен таныстырғымыз келді. «Melodic Show» музыка, режиссерлік және хореографиялық шешімдер үйлесім тапқан бірегей концерт», - деген ойын білдірді, Айжан Хайдар.
Тағы бір айта кетерлігі, «Melodic Show» кешінде көрермен қауым «Астана Балет» театры оркестрінің дирижері Элмар Бөрібаевты тың амплуада көре алады. Маэстро – дарынды дирижер ғана емес, виолончель аспабын жете меңгерген маман. Оркестрге жетекшілік етіп келген Элмар Бөрібаев бұл жолы музыка кеңістігіне оркестр әртістерімен қатар еніп, романтикалық композицияны орындап шығады. Сөйтіп, меймандардың алдында өзін жаңа қырынан көрсетеді.
«Астана Балет» театрының жас оркестрі күрделі классикалық шығармаларды мінсіз орындауымен ел аузына ілінгеніне қарамастан, оркестр мүшелері тың идеяларға әрдайым ашық. Түрлі орындаушылармен шығармашылық ынтымақтастық орнатып, түрлі жанрдағы музыканы орындайды. 17-ақпанда оркестр әртістері концерттердің тың форматын тарту етіп, тыңдарман қауымды заманауи әрі мәнерлі әуенмен қуантуды мақсат тұтты. Осы жоба аясында астаналық театр әртістері шығармашылығын мейлінше ашып көрсетіп, үйреншікті жанрлардан сәл алшақтап, «Астана Балет» сахнасында өздерін мүлдем жаңа қырынан танытпақшы.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.