10/12/2021

«Астана Балет» театрының Семей мен Оралдағы гастролі

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, «Астана Балет» театрының шығармашылық ұжымы Семей және Орал қалаларына гастрольдік сапар өткізді.

4-желтоқсанда Абай атындағы Мемлекеттік қазақ драма театрында «Астана Балет» - ұлттық хореографияның үздік туындылары енген «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын паш етті.  Шағын спектакльге татитын әрбір хореографиялық миниатюраны тамашалаған көрермен қазақтың байтақ даласына саяхат құрғандай күй кешті. Атап өтерлігі, аталған бағдарлама театрдың гастрольдік сапарлары кезінде міндетті түрде көрсетіледі.

«Бұл билерді негізінен өзіміздің мамандар қойған. Олардың ішінде һас шеберлер, өз ісінің білгірлері өте көп. Осындай шын дарындардың бірі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қоюшы-балетмейстер Айгүл Тәти осы күні еліміздегі ұлттық би қойылымдарын шығарушы мамандардың көшін бастап тұр. Айтпақшы, ол осы өңірдің тумасы. Сондықтан, бұл бағдарламамызды осындай ғажап қалада көрсеткеніміздің өзі бір ғанибет. Менің ойымша, біздің сүйікті көрермендеріміздің құрметіне көрсетілген бүгінгі концерт баршаның көңілінен шығады», - деген пікірімен бөлісті, «Астана Балет» театры директорының орынбасары Валерий Күзембаев.

Сонымен қатар, бұл кеште Мукарам Авахридің «Жусан» балетінен үзінді (Қуат Шілдебаев музыкасына қойылған үзінді) және Абай Құнанбаевтың «Айттым сәлем, қаламқас» әніне қойған қойылымы көрсетілді.

Театр өкілдері Семей қаласына гастрольдік сапар кезінде ерекше қобалжитындарын жасырмады. Себебі, һас өнерді бағалай білетін семейлік талғампаз көрермен алдында өнер көрсету зор мәртебе, дейді олар. Айта кетейік, бұл кеш қала тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шықты.

«Осындай керемет мәдени шараға қатысқаныма қуаныштымын. Өзім жастайымнан балетке әуеспін. Бүгінгі қойылымды әртістер биік дейгейде орындап шықты. Музыка мен пластика тұтасқан туындыға куә болдық. Әртістерге алғысымыз шексіз», - деген ойымен бөлісті, көрермендердің бірі Валерия Игнатьева.

Ал, 8-желтоқсанда «Астана Балет» театрының Орал қаласына алғашқы гастролі де өте сәтті өтті. «Атамекен» мәдениет сарайында астаналық ұжым Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы Дала мұрасы» ұлттық дивертисменті мен шақырылған хореограф Рикардо Амаранте қойған «A Fuego Lento» неоклассикалық балетін көрсетті. Көрермен қауым хореографиялық миниатюралардың көркем пластикасына, қайталанбас бейнелер мен кең пішілген костюмдерге тәнті болды. Көрермен қауым әртістерге зор ықыласын білдіріп, қошемет танытты.

Көрсетілген спектакльдердің астарлы сыры мен идеялары сан қырлы, әйтсе де, ең бастысы – көрермен көңілінің көкжиегін кеңейтер – өнер құдіреті.