09/12/2021

«Астана Балет» театрында жаңа жылдық феерия

24-желтоқсанда «Астана Балет» театрының сахнасында «Жаңа жылдық феерия» мерекелік бағдарламасы көрсетіледі. Бұл – балет, опера жанрлары мен симфониялық музыканы біртұтас көркем туындыға айналдырған өнер синтезі.

Кеш бағдарламасында Петр Чайковскийдің музыкасына Василий Вайнонен қойған «Щелкунчик», Сергей Прокофьев музыкасына Надежда Калинина қойған «Күлше қыз» және Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» балеттерінен үзінділер, танымал оперетталардың ариялары көрсетіліп, жаңа жыл қарсаңындағы ғажайып атмосфера қалың көпшілікті елітіп әкетеді.

Бұл мерекелік кеште көрермен қауым классикалық және заманауи
хореография ғаламатына куә болады. Мың бұралған бишілер би тілінің
өрнегімен адам баласын алаңдататын сезім, арман мен үміт жайлы баяндап
береді...

Маэстро Арман Оразғалиевтың басқаруындағы симфониялық оркестрдің орындауындағы әсем әуен, сондай-ақ, танымал туындылардың кейіпкерлерін сомдаған әртістер көрермен қауымды мүлдем бөлек әлемге... таңғажайып театр
әлеміне елітіп әкетеді...

Айта кетерлігі, 17-19 және 24-26 желтоқсанда «Астана Балет» театры жаңа жылдық ертегіні паш етеді! Балалар сиқырлы әлемге саяхат құрып, Мари мен Щелкунчикпен бірге түрлі оқиғаларды басынан өткереді. Осы саяхатында олар гүл перизаттарымен танысып, қисық айналар еліне сапар шегіп, ақшақарлар еліне де саяхат құрады. Сонымен қатар, Тышқандар королімен де шайқасуға тура келеді.

Мерекелік атмосфераны театр қызметкерлері әзірлеген костюмдер мен декорациялар, осы ертегіге орай шығарылған ойындар толықтыра түседі. Сонымен қатар, балалар Аяз атамен кездесіп, қолынан сыйлық алады.

Орайы келгенде айта кетейік, жаңа жыл мерекесінің қарсаңында, желтоқсанның 25 мен 30 аралығында биік өнерді бағалай білетін жасөспірім көрермен назарына Петр Чайковскийдің музыкасына Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова қойған, жаңа жылдық мерекенің дәстүрлі символына айналған «Щелкунчик» балеті көрсетіледі.

Ертегідей көңіл-күй, әсем сценография, романтикалық кейіпкерлер, әдемі костюмдер мен мінсіз хореография. Сахнада нағыз сиқыр орын алады: үміт, шаттық пен мейірімге толы мерекелік атмосфера, әсем безендірілген жаңа жылдық шырша, жан біткен қуыршақтар…