6-28 мамырда «Астана Балет» театры жаңа «ALMATY THEATRE» сахнасында өнер көрсетеді. Еліміздің мәдениет биігінің тал бесігі Алматының талғампаз көрерменінің талқысына бірегей әрі түрлі жанрдағы спектакльдер ұсынылмақшы.
6-мамырда гастроль шымылдығы Театрдың симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін «Бір актілі балеттер кешімен» ашылады. Бірінші бөлімде П.Чайковскийдің музыкасына қойылған Дж.Баланчиннің «Серенада» балеті көрсетіледі. Бұл балеттің алғашқы премьерасы 1934 жылы өтсе де, «Серенада» әлі күнге дейін «бидің музыкалық, бейнелік және эмоционалды үндестігінің шыңы» саналады. Дж.Баланчиннің балеті Дж.Баланчин қорымен ынтымақтастықта, хореографтың стилі мен техникасына сай қойылды.
Кештің екінші бөлімінде көрермен назарына Карина Абдуллинаның музыкасына Мукарам Авахри қойған, әлемде баламасы жоқ «Тағдыр бұлтарыстары» балеті ұсынылады. Балеттегі әр би – көне Таро карталар жүйесіндегі кейіпкерлерді бейнелейді.
14-15 мамырда Ақтоты Райымқұлованың музыкасына Георгий Ковтун қойған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» романтикалық балет-эпосы көрсетіледі. Бұл нағыз аңызға айналған махаббат дастаны. Ұлттық би иірімдерін классикалық балет пен заманауи би техникасымен үндестіре білген спектакль авторлары мен әртістер ұлттық бояуы қанық туындыны дүниеге әкелді. Кеш симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
18-мамырда маэстро Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің «Алматыма арнау» атты концерті өтеді. Концерт барысында театрдың симфониялық оркестрінің музыканттары ғажайып музыкалық туындыларды орындап қана қоймай, ұлы композиторлардың бұған дейін беймәлім болған кемеңгерлік қырларын аша түседі. Бірінші бөлімде Евгений Брусиловскийдің «Дудар-ай» және Иоганнес Брамстың Скрипка мен оркестрге арналған концерті D-dur орындалады. Солист – халықаралық байқаулардың, Тұңғыш Президент қорының лауреаты Қаламқас Жұмабаева. Екінші бөлімде - Людвиг ван Бетховеннің №7 симфония A-dur орындалады.
21-22 мамырда Мукарам Авахри қойған «Бейбарыс сұлтан» балет-толғауы көрсетіледі. Тарихи тақырыпта балет қою жайлы ұсынысты «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры» жасап, «Самұрық-Қазына» АҚ демеушілік қолдау білдірді.
«Көрермен қауыммен бірге «жеңіс атасы» аталып кеткен ұлы тұлғаны өмірінің соңында қандай ойлар мазалауы мүмкін деген қиялға шомбақшы болдық. Оның өмірі ғаламат оқиғаларға толы еді ғой: кресшілермен, моңғолдармен шайқасты. Бәлкім, бізге мәлім тарихи деректерден бөлек, бұдан да маңызды оқиғалар орын алған шығар. Мүмкін оны осы ойлар алаңдатқан болар», - дейді қоюшы-хореограф Мукарам Авахри.
27-28 мамырда «HasSak» этно-фольклорлы ансамблінің сүйемелдеуімен өтетін «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы көрсетіледі. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған хореографиялық миниатюралар – бай дәстүрімізді паш етіп, сұлулық пен әсемдікті тұғырына қондырады. Ғажайып музыка, қайталанбас көркем бейнелер мен сан түрлі пластикалық қимылдар көрерменнің көңілін тербеп, ешкімді бей-жай қалдыра қоймасы анық.
«Астана Балет» театры алматылық көрерменге біршама таныс. Біздің ұжым ара-тұра өзінің премьералары мен үздік қойылымдарын осында көрсетіп отырады. Театрдың балет труппасының өнер көрсетуі оңтүстік астананың мәдени тынысындағы айтулы құбылысқа айналатыны да жасырын емес. Астаналық ұжым көрермен ықыласына бөленіп, асыға күтетін шығармашылық ұжымдарының біріне айналды. Енді, міне, балет өнерімен қатар, симфониялық музыканың да асқақ үнін ұйып тыңдау мүмкіндігі туып отыр.
Гастроль Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен өтеді.