15-16 сәуірде елімізде аталып өтетін Ғашықтар күніне орай, Ақтоты Райымқұлованың музыкасына Георгий Ковтун қойған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» атты махаббат туралы дастанның сахналық нұсқасы көрсетілді. Қазақстанда ғашықтар күнінің аталып жатқанына он бір жыл толды.
Балетті Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев та тамашалады.
Халқымыздың романтикалық эпостарының жауһары саналатын жырдың желісімен қойылған балет отандық өнердің асыл қазынасын толықтыра түсіп, отандық мәдениетімізді байыта түскен туынды. Халық эпосының авторлық интерпретациясы «Астана Балет» сахнасының көркіне айналды: жақсылық пен зұлымдықтың, махаббат пен өшпенділіктің, адалдық пен опасыздықтың мәңгілік текетіресін суреттеген жыр балетке сұранып тұрғандай.
Әмбеге аян жырдың ұзын-ырғасында басты кейіпкерлердің өмір жолы, алдарында кездескен кедергілері баяндалады. Көркем бейнелері де оқырман жадында сақталып, гүл жарған махаббат сезімі мен оқиға соңындағы қасіретті тағдыр ешкімді бей-жай қалдырмасы анық. Эпос пәк сезім мен асыл махаббатты ту еткен басты кейіпкерлердің жанқиярлық әрекеттерін жырлайды.
Классикалық және заманауи балеттің үздік дәстүрін қазақ халық биінің өрнегімен, акробатикалық элементтермен үйлестіре білген Георгий Ковтун ұлттық нақыштағы қызықты хореографиялық туындыны жасап шығарды. Күрделі сценографияны, әдемі, кең пішілген костюмдерді, тартымды декорацияларды, көз жауын алар жарық әсерлері мен көңіл тербетер көркем музыканы да атап өтпеске болмас.
Бірінші күні басты партияны орындағандар: Баян Сұлу – Дарина Қарайшева, Қозы Көрпеш – Сүндет Сұлтанов, Қодар – Айдан Қалжан. Екінші күні - Назерке Аймұхаметова, Әлімхан Төребеков пен Ерқанат Ермағамбет. Құртқа партиясын сомдаған Аңсаған Көбентай, екінші күні – Риза Қанатқызы. Сонымен бірге, бұл қойылымға Қазақ ұлттық хореография академиясының жас өркен оқушылары да қатысты.
Ал, 6-28 мамыр аралығында «Астана Балет» театры «ALMATY THEATRE» жаңа театрының ашылуына орай, Алматыда гастрольдік сапарын өткізеді. Астаналық ұжым түрлі жанрдағы афишаны әзірлеп, авторлық спектакльдер, неоклассика жауһары мен симфониялық оркестрдің концертін алматылық талғампаз көрерменнің назарына ұсынбақшы.
8-мамырда «Астана Балет» театрының шығармашылық ұжымы Талдықорғанда өнер көрсететінін де айта кеткен жөн. Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының сахнасында «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы көрсетіліп, ұлттық хореография өнерінің үздік үлгісі паш етіледі.
Іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады