ХХ ғасырдың көрнекті хореографы Юрий Григорович қойған «Махаббат туралы аңыз» үш актілі балеті 15-16 наурызда «Астана Балет» театрының сахнасында қайта көрсетіледі. Спектакль театрдың бас дирижері Арман Оразғалиевтің жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.
«Астана Балет» театрында премьера 2019 жылы өткен болатын. Сөйтіп, ел астанасының мәдени тынысындағы елеулі оқиғаға айналған еді. «Махаббат туралы аңыз» спектаклі – махаббат, құштарлық, парыз сынды сезім арпалысы мен жанын құрбан ете білу қасиетін суреттеп, хореография тілімен, әртістердің эмоциясымен жеткізуге тырысады.
Ежелгі шығыс аңызы сюжетке негіз етіп алынды. Апалы-сіңлілі Мехмене Бану мен Шырын – сарай суретшісі Фархатқа ғашық болады. Бозбала Шырынға ынтық. Ал, Мехмене Бану үшін махаббаттың ауылы алыс: кезінде сіңлісін аман алып қалу үшін, ол сұлулығын тәрк еткен болатын. Фархат пен Шырын сарайдан қашып шығады, дегенмен, алдарында ауыр сынақ күтіп тұр. Балетте адам баласының нәзік әрі жүрек тулатқан сезімі – махаббат туралы сыр шертеді.
Сонымен қатар, оны ықтималдылық шегіндегі балет деп те атайды: кордебалеттің қатысуымен өтетін әсерлі сахналар, екпінді монологтар, эмоциялық қуаты мол, мінсіз шеберлікпен орындалған би. Өйткені, бүкіл спектакль парсы миниатюраларынан шабыт алып жасалған болатын. Қойылымның ауқымдылығы, қиыннан қиыстырылған сюжет иірімдерінің арқасында спектакль көрермен көзайымына айналды. Ғажайып хореография, ғаламат сценография және музыканың мінсіз үйлесімділігі көрермен қауымның көне парсы аңызының көзтартар көркем кескінін танып, сезінуіне мүмкіндік береді.
Әр күні басты партияларды елордалық театр солисттері орындайды: Шырын – Татьяна Тен және Назерке Аймұхаметова, Фархат – Сүндет Сұлтанов және Уэсли Карвальо, Мехмене Бану – Қаламқас Орынбасарова және Наталия Фернандес Менес.
«Астана Балет» сахнасындағы «Махаббат туралы аңыз» – әр көрерменнің көңіл түкпірінде жатқан сезім пернесін шерте алатын биік өнермен қауышу.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.