23/12/2021

«Астана Балет» театрының афишасы

Жаңа жыл қарсаңында әлдебір ғажайыпты тосатынымыз бар. «Астана Балет» театры осыны ескеріп, қалыптасқан дәстүр бойынша, балет сүйер қауымға сиқырлы сыйлықтарын дайындап қойды.

24-желтоқсанда көрермен назарына «Жаңа жылдық феерия» мерекелік бағдарламасы ұсынылады. Бұл – балет, опера жанры мен симфониялық музыка біртұтас көркем туындыға айналған өнер синтезі. Кеш барысында астаналық көрермен классикалық және заманауи хореографияны тамашалап, маэстро Арман Оразғалиевтың басқаруындағы «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің ғажайып музыкасына құлақ құрышын қандырады.

Кеш бағдарламасына Петр Чайковскийдің музыкасына қойылған, Василий Вайнонен редакциясындағы «Щелкунчик», Сергей Прокофьев музыкасына қойылған Надежда Калининаның хореографиясындағы «Күлше қыз» және Карина Абдуллинаның музыкасына қойылған Мукарам Авахридің «Тағдыр бұлтарыстары» балеттерінен үзінділер, әйгілі оперетталардан ариялар орындалып, жаңа жылдық ғажайып көңіл-күй көрермен қауымды елітіп әкетеді.

Айта кетейік, 24, 25, 26 және 28 желтоқсанда «Астана Балет» театры кішкентай бүлдіршіндерді нағыз ертегі әлеміне шақырып, олар Мари және Щелкунчикпен бірге ғажайып елге саяхат құра алады. Бұл сапарында олар гүл перизаттарымен танысып, қисық айналар еліне сапар шегіп, ақшақарлар еліне де саяхат құрады. Сонымен қатар, Тышқандар королімен де шайқасуға тура келеді. Сонымен бірге, балалар Аяз атамен кездесіп, қолынан сыйлық алады.

Жаңа жыл мерекесінің қарсаңында, желтоқсанның 25 мен 30 аралығында биік өнерді бағалай білетін жасөспірім көрерменге арнап, Петр Чайковскийдің музыкасына Ресей халық әртісі Алтынай Асылмұратова қойған, жаңа жылдық мерекенің дәстүрлі символына айналған «Щелкунчик» балеті көрсетіледі. Көрермен қауымның сұрауы бойынша ертегі балетке қаңтардың төрті мен жетісі аралығында да билет сатылымы басталды.

Әсем сценография, романтикалық кейіпкерлер, әдемі костюмдер мен мінсіз хореография. Сахнада нағыз сиқыр орын алады: үміт, шаттық пен мейірімге толы мерекелік атмосфера, әсем безендірілген жаңа жылдық шырша, жан біткен қуыршақтар…

Қаңтардың 14 мен 15 күндері «Астана Балет» сахнасында бала кезден бәрімізге таныс, хрусталь туфли киген бойжеткен жайлы ертегі көрсетіледі. Бұл оқиға балетке арналғандай: мұнда ғажайыптар орын алып, сарай балы өтеді, махаббат жырланып, оқиға жақсылықпен аяқталады. «Күлше қыз» спектаклі Шарль Перроның осы аттас ертегісінің желісімен қойылған. Қойған – заманымыздың заңғар хореографы Надежда Калинина. Би, музыка, сценография мен костюмдер дисней мультфильмдерінің дәстүрімен үйлесім тауып, оқиға ширыға түседі де, көрермен қауым мереке мен ғажайыптар әлеміне шомып, мүлдем бөлек әлемге… тамаша, ғажайып театр әлеміне енеді.  

Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.