11/12/2021

Nature Dance («Табиғат биі») бейнероликтер топтамасының релизі: хореографтар өнердің жаңа форматын тарту етті

Nature Dance («Табиғат биі») жобасының түсірілімі еліміздің көрікті жерлерінде жасалды. Алдын-ала жасалған түсірілімнің арқасында жылдың төрт мезгілі де қамтылды.

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында осы жобаның авторлары «Табиғат биі» деп аталатын қызықты коллаборацияның жүзеге асқанын жариялады.

Nature Dance («Табиғат биі») жобасын «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қоры» жеке қоры – Бас серіктес «Самұрық Қазына» АҚ қолдауымен және «Астана Балет» театрымен тығыз байланыста іске асырды.

Жоба тұжырымдамасы бойынша еліміздің тарихи, туристік және хореографиялық мәдениетінің байлығы паш етіліп, бес бейнероликтен құралған. Оның әрқайсысы белгілі бір аңызға сүйеніп, оны пластика тілі мен авторлық хореография көмегімен суреттейді. «Астана Балет» театрының балетмейстерлері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри осы жобаның хореографтары қызметін атқарды. Жоба режиссері Сергей Лагутин. Nature Dance бейнекөріністеріне мәтін жазған – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков.

Өнер, мәдени дәстүр мен еліміздің көркем жерлері тоғысқан Nature Dance коллаборациясының нәтижесі – жоғарыда аталған бес аңыз-әпсанадан құралған фильм. Әлеуметтік желілермен қоса, «Табиғат биі» шығарылымдарын таяу арада «Хабар», «KazakhTV» және «Ел арна» ұлттық телеарналарының эфирінен тамашалауға болады.       

Nature Dance («Табиғат биі») жобасының түсірілімдері «Астана Балет» театры әртістерінің қатысуымен, еліміздің көрікті жерлерінде өтті: Бурабай (Ақмола облысы), Бектау Ата (Қарағанды облысы), Шарын шатқалы (Алматы облысы), Айғай құм (Алматы облысы), Көкнәр алқабы (Алматы облысы), Тұзбайыр соры (Маңғыстау облысы), Ақтау шыңы (Алматы облысы), Табан Қарағай (Алматы облысы), Тұзкөл (Алматы облысы), Текес өзенінің аңғары (Алматы облысы), Көлсай (Алматы облысы), Шымбұлақ (Алматы облысы).

Бұл жобаны таза хореографиялық жоба деуге келе қоймас. Себебі, мұнда мәдени-фольклорлы мұра (аңыздар мен эпостар), хореография мен кино өнері еліміздің ғажайып табиғатымен үндестік тапқан.

«Би арқылы біз табиғаттың әсем көркін жеткізіп, соны ой елегінен өткізіп, отандастарымызға еліміздің қаншалықты көркем әрі ұлы екенін көрсеткіміз келді. Меніңше, табиғат пен би тандемі – осы дүние жаратылғалы ұласып келе жатқан үндестік. Ол сонысымен де ғажап. Әрине, осы жобаның пайда болуына халқымыздың табиғатпен ықылым заманғы байланысы да сеп болды. Табиғатты аялау, оны көзінің қарашығындай сақтау ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қала берсе екен деген тілегіміз бар», - деген ойымен бөлісті жоба хореографы Мукарам Авахри.

Nature Dance топтамасының релизі 2021 жылғы желтоқсанның 11 – 16 аралығында «Балет пен ұлттық биді қолдау және дамыту қорының» әлеуметтік желілерінде өтеді.