Өткен демалыс күндері, яғни, 27-28 қарашада «Астана Балет» театры көрермен назарына қос премьера ұсынды: Пол Боос қойған Джордж Баланчиннің Игорь Стравинский музыкасына қойылған «Фортепиано мен оркестрге арналған каприччио» және әйгілі музыкант Карина Абдуллина симфониялық оркестрге арнаған туындысына Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары». Айта кетейік, премьералар алғаш рет Арман Оразғалиевтың жетекшілігіндегі «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен өтті.
Премьераны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалады.
Кеш шымылдығы «Фортепиано мен оркестрге арналған каприччио» (Лағыл) бір актілі балетімен ашылды. Фортепиано партиясын жеке орындаушы ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әйгілі музыкант Әмір Тебенихин шақырылды.
«Мазмұны жағынан екі бөлек балет бір кеште көрсетілген кезде қиындықтар туындап жататыны рас. Бірақ, қойылым барысы ойдағыдай өткенін атап өткім келеді. «Фортепиано мен оркестрге арналған кприччио» балетіне келсек, бұл – Баланчин қорымен бірлесе қойылған алғашқы қойылым емес. Репертуарымызда «Серенада» және «Кончерто Барокко» сынды спектакльдер бар. Балеттің ішкі қуаты мол, ол әртістердің шеберлігімен қатар, орасан төзімділікті талап етеді», - деген ойымен бөлісті, театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.
Туындының мәнері мен пластикасына қарап Бродвейді елестетесің, алайда, ерлер партиясында грузин биінің өрнегі басым.
«Бұл балет джаз іспетті, ішкі қуаты мол, жылдам әрі ойнақы! Жетекші солисттердің жұбы – екеуінің арасында лап еткен жалынға елітіп билейді. Олар бақытты. Баланчин сән-салтанатқа, ойын-сауыққа сеніп, көрермен қауымға шабыт сыйлауға тырысатын. Бұл - қолынан келді де. Ол көрерменнің көңілін тауып, көңіл-күйін көтеруді білетін», - деді Пол Боос.
«Астана Балет» сахнасында өткен екі күндік премьера кезінде, басты партияларды Айжан Мұқатова, Татьяна Тен, Қазбек Ахмедияров, Айнұр Әбілғазина мен Сүндет Сұлтанов орындады.
Кештің екінші бөлімінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мукарам Авахри қойған «Тағдыр бұлтарыстары» бір актілі балеті көрсетілді. Үлкен сыр – данышпандық бейнесі. Олар ақиқатты тану жолындағы жөн сілтеуші. Олар мистика мен жұмбаққа толы, құпия сыры шексіз. Сірә, жаһанның өзі іспетті. Әр сыр, осы бір құпия бұлтарыстар – өзіңді тану жолындағы саты секілді. Осы балеттің бейнелері адам баласының болмысын тануға жол ашып, бұл жалғанға оның қандай болып, әрі не үшін келетінін түсінуге мүмкіндік береді.
Балетті шығаруға өнер майталмандары қатысты: либретто мен музыка авторы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Карина Абдуллина; сценограф әрі костюм суретшісі Ольга Шаишмелашвили; жарық суретшісі – Денис Солнцев; бейне контент суретшісі – Вадим Дуленко; музыканы оркестрге ыңғайлаған Виктор Гуревич.
Карина Абдуллинаның айтуынша: «Негізгі 22 карта жеке кейіпкерге айналды. Әрқайсының өз түйсігі, өз тағдыры бар. Меніңше, әлем өнерінің тарихында осы тектес жоба болмаған. Екі мың жылдан астам тарихы бар Таро карталарының тағдыр бұлтарыстарын жүйелеуі жайлы бір де бір музыка немесе хореография туындысы бұрын-соңды болмаған».
Премьера Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды.