03/12/2021

«Астана Опера» «Астана Балетте» қонақта

Қос театрдың ынтымақтастығы аясында алғаш рет 6 және 7 желтоқсан күндері «Астана Опера» балет труппасы «Астана Балет» сахнасында өнер көрсетеді. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған екі күндік гастроль бағдарламасына М.Фокиннің хореографиясында Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» мен Н.Римский-Корсаковтың музыкасына «Шехеразада» бір бөлімді спектакльдері, сондай-ақ жетекші солистердің қатысуымен Гала-балет енді.

Гастрольдің алғашқы күні «Астана Балеттің» талғампаз көрермендерін театр репертуарының інжу-маржаны – Ф.Шопеннің музыкасына «Шопениана» бір бөлімді балетімен таныстық күтеді. Сонау 1908 жылы хореограф Михаил Фокинмен жасалған қойылым 110 жыл өткен соң «Астана Опера» сахнасында жаңа тынысқа ие болды. Жеңіл, ойлы әрі ғажайып – осы сөздер арқылы «Астана Опера» балет труппасының көркемдік жетекшісі, Ресейдің Халық әртісі Алтынай Асылмұратовамен қойылған көріністі сипаттауға болады.

Қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский мен Елена Шерстнева. Бірегей декорациялар мен костюмдер Александр Бенуа мен Орест Аллегридің эскиздері негізінде жасалды. Сценограф Виктор Караре мен костюмдер бойынша суретші Арасель Досмұратова ХХ ғасыр басындағы балет атмосферасын керемет жеткізді.

Фридерик Шопеннің мәңгі өшпес музыкасына қойылған тың әрі әуелі туындыны Олжас Тарланов (Бозбала), Гүлназ Жанаева (Прелюд), Мөлдір Шәкімова (Он бірінші вальс) орындайды. Жетінші вальсті алғаш рет Анастасия Заклинская билейді.

Гастрольдің екінші күні «Астана Балеттің» достық сахнасында «Астана Опера» ұсынатын «Шехеразада» қойылымының сипаты мүлде бөлек. Н.Римский-Корсаковтың симфониялық сюитасының музыкасына қойылған жарқын әрі құштарлыққа толы шығармаға шабыт берген «Мың бір түн» ертегілері. Михаил Фокиннің сценарийін Ресейдің Халық әртісі Андрис Лиепа қайта жаңғыртты. Декорациялар мен костюмдер Лев Бакст эскиздері негізінде жасалған, қоюшы суретші – Анатолий Нежный, костюмдер бойынша суретші – Елена Нецветаева-Долгалева.

7 желтоқсан «Астана Балет» сахнасынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжанды көрудің бірегей мүмкіндігі туады, ол сұранысқа ие болуына байланысты шетелде көп өнер көрсетеді. Ол «Шехеразада» балетінде Алтын құлдың партиясын сомдайды. Зобеида рөлінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әйгерім Бекетаеваның дебюті орын алады. Бас белсіз – Олжас Махамбетәлиев, Шахриар – Жәнібек Иманқұлов, Шахезман – Ильдар Шакирзянов.

«Шехеразада» бір бөлімді хореографиялық драмасын «Астана Опера» театры түрлі елдердің сахналарында көрсетті, ол сондай-ақ өзінің сүйікті көрермендерін Мәскеу мен басқа қалалардан да тапты.

6 және 7 желтоқсанда «Астана балетке» келген хореографиялық өнерсүйер қауым бір бөлімді балеттермен қатар, Гала-балеттің алуан түрлі бағдарламасын тамашалай алады. Классикалық және заманауи қойылымдардан па-де-де, дуэттер мен трио ұсынылады. Бағдарламада С.Легат пен Н.Легаттың хореографиясындағы Й.Байердің «Қуыршақтар перісі» балетінен триода Бақытгүл Испанова, Данияр Жұматаев алғаш өнер көрсетеді. Бұдан бөлек, Ф.Шопеннің музыкасына Д.Брянцевтің хореографиясында «Елес бал» балетінен дуэтте Жақсылық Сауқымбеков те дебют жасайды.

Сонымен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Бақтияр Адамжан, Әйгерім Бекетаева, Мәдина Басбаева, Гауһар Усина, Әнел Рүстемова, Еркін Рахматуллаев, сондай-ақ Арман Уразов, Олжас Тарланов, Серік Нақыспеков, Шұғыла Әдепхан, Аделина Төлепова, Жәнібек Ахмедиев, Диас Құрманғазы көрермендерге өз шығармашылығын сыйға тартады. Кеш Р.Ребектің хореографиясындағы «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінен дуэтпен аяқталады, онда Далер Запаров пен осы балетте алғаш сахнаға шығатын Анастасия Заклинская өнер көрсетеді.