Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...
Музыка – Ренат Салаватов, Карл Дженкинс, Хамит Шаңғалиев, Хусейнджон Изатилоев
Либретто – Бақыт Қайырбеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Хореография – Мукарам Авахри, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
Сценография және костюмдер – Ғафура Қайырбекова.
Сценограф - Асқар Ысқақов.
Бейне безендіру – Наталья Рыблова, Марат Сағадинов.
Жарық суретшісі - Алексей Марков.
Қойылым терең философиялық ой-толғамдарға, нәзіктік пен мұңға толы Абай поэзиясына деген сүйіспеншілікті білдіреді. «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...» – көптеген техникалық тәсілдерді, табысты балетмейстерлік шешімдерді қамтитын жарқын әрі мазмұны философиялық спектакль. Осы қойылым арқылы қоюшы-балетмейстер қазақ әдебиеті классигінің поэзиясына деген құрметін көрсетеді. Балет сегіз вариацияны қамтиды: Нұрға бөлену, Сегіз аяқ, Жыл мезгілдері, Көзімнің қарасы, Той бастар, Татьянаның хаты, Ақын мұңы, Желсіз түнде...
Ұлы Дала мұрасы
«Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы ел ішінде де, шет елдерде де Театрды әйгілеп тұрған дүниеге айналды. Концерттік бағдарламаға енген хореографиялық миниатюралар халық дәстүрінен нәр алып, сан салалы өрнегі, қайталанбас, өзіндік ішкі қуатымен ерекшеленеді. Әсем әуен, қайталанбас көркем бейнелер, сан түрлі пластикалық қимылдар мен сахна кеңістігіндегі суреттерінің арқасында әр би көрермен көңілінен шығып, жүрегінен орын алады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Тати қойылымдары қазақ халық биінің жауһарына баланады.
«Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасына «Үздік концерттік бағдарлама» аталымы бойынша «Мәдениет және өнер саласындағы мәдениетаралық және этносаралық бірлікті нығайту бағытындағы үздік жұмыстар мен шығармалар үшін» сыйлығы берілді.