Бір актiлi балет
Музыка - Эцио Боссо
Қоюшы-хореограф, либретто авторы - Николо Фонте
Сценограф, жарық суретшісі - Майкл Маззола
Костюмдер - Кристин Дарч
«Love’s Lost Idols» - америкалық балетмейстер Николо Фонтенің неоклассика тілімен жазған балет-толғау, фәлсафалық эссесі. Әртістердің қимыл-қозғалысы өмірдің дәл өзіндей үздіксіз әрі солқылдақ. Мойралар иірген жіп қаншалықты қатты болса, соншалықты әлсіз. Кейде ол адамдарды байланыстырады, ал, кейде бақыт жолында кес-кестеп тұрып алады. Кей сәт қолдаса, енді бірде – денеңізді байлап-матап, қозғалуға мүмкіндік бермейді. Бірақ, әр сәт сайын санаңыздың түбінде бір сұрақ мазалап тұрары анық: «Бәрі өткінші екенін біле тұра, қалай ғана өмір сүріп, әлдебіреуді жақын тартамыз?». Бәрінің ақыры барын түсінгенде бір мезетте қаның қайнап, денең мұздап сала береді. Мәңгілік ешнәрсе жоқ, бәрі тұрлаусыз. Тек, «осы жер» мен «осы шақ» деген түсінік бар, осыны ғана толық түйсініп, шынайы қуана аласыз – «Love’s Lost Idols» балетінің әртістері мен көрерменін біріктіретін де, табыстыратын да осы дүние. Әртістер көрерменнің өмірі жайлы баяндаса, залда отырған көрермен әртістердің өміріне алаңдаушылық білдіріп, қызығушылық танытады. Ал, сахнадағы өмірді кесіп-пішу мүмкін емес, көңілің алаң-елең. Мұнда шарықтау мен құлдилау, қуат мен құштарлық, тәуекел мен батылдық, жанқиярлық пен ләззат алу сезімі қатар өрілген. Тек, рампаның екі жақ бетінде тұрғандар үшін өзекті бір дүние бар: кешегі «мен» жоқпын; қайта оралып, әлденені өзгерту – мүмкін емес; ал, ертең қандай боларым - беймәлім. Бір сәтке ғана уақытты баяулатқанымызбен, бәрібір, мұның «осы шақ» екенін сезінеміз. Николо Фонте махаббаттың ғайып болған дарабоздары жайлы оқиғаны италиялық композитор Эцио Боссоның (№ 5 ішекті аспаптар квартеті «Тұрғынға арналған музыка») музыкасы арқылы баяндайды. Фонтенің есептеуінше, бұл музыка іңір шаққа ұқсайды, жарық түскен шақты да елестетеді. Ол қабырғаның жарығынан ішке еніп тұрған сәуле іспетті. Осы бір кедергілерден өткен жарық қуаныш пен таңырқаудың орасан, бір сәттік, эмоционалды көрінісіне ұқсайды. Николо Фонте өте қызықты әрі батыл, мазмұнды әрі өте күрделі пластикалық тілді қолданған. Сахнада өмір мәні жайлы әпсана баяндалады. Әр көрермен өзінің жеке тәжірибесі мен осы өмірдегі орны туралы түсінігіне орай, осы әпсананы хореограф және орындаушылармен қатар оқып отырған тәрізді болады. Николо Фонте Америка, Еуропа, Австралияның көптеген әйгілі труппаларына арнап жүз шақты қойылым жасаған. Ал, «Астана Балет» труппасына арнап шығарған қойылымы, адамдарды «тап осы жерде, осы шақта өмір сүріп, осы өмірді сезініп, жақсы көруге, болашаққа көз тастамауға» шақырады.
Премьера 2018 ж. 2-қараша, «Астана Балет» театры, Нұр – Сұлтан
Балет ұзақтығы 25 минут