«Touch the Light» және «A Fuego Lento»

«ASTANA BALLET» сахнасында өтетін кеш бағдарламасында  «Touch the Light» және «A Fuego Lento» заманауи балеттері көрсетіледі 

«Touch the Light»
Хореограф әрі қоюшы-суретші: Илья Живой
Музыка: Филип Гласс
Бейнесуретші: Покрас Лампас
Костюм суретшісі: Соня Вартанян
Жарық суретшісі: Константин Бинкин
Қоюшы-суретшінің ассистенті: Алексей Танцырев

Заманауи балеттің үйреншікті емес пластикасын шығарушы ретінде танылған Илья Живой хореографиясымен қойылған «Touch The Light» балетінің «Астана Балет» репертуарында өзіндік орны бар. Қойылымның басты ерекшелігі – заманымыздың әйгілі каллиграфы Покрас Лампас каллиграфиясы. Ол балет хореографиясы мен Филипп Гласс музыкасын үйлестіре отырып, көркем каллиграфиялық элементтерді жасап, би пластикасын визуалды түрде көрсете білді. 
Touch the Light – музыка, сән, стрит-арт, каллиграфия мен неоклассикалық би түйіскен тұсындағы перформанс. Алты биші адам бойындағы ішкі сәуле, оның жаны туралы және осы дүниеден өз орныңды табу жайлы әсерлі әпсананы сахналайды. 
«Сәуле әрқайсымыздың бойымызда бар әрі бұл жалын ғаламның сыйы. Бұл қабілет жүректі тербеп, тағдырлы шешімдер қабылдап, сиқыр жасауға мүмкіндік береді. Бұл жай ғана ұшқын болсын, алаулаған жалын болсын мейлі, оған бір табан жақындауға бел бусаң, өзгенің еш мәнісі жоқ...».

«A Fuego Lento»
Музыка: Л. Шифрин, А. Пьяццолла, К. Гардель, С. Косуги 
Идея, хореография және костюмдер: Рикардо Амаранте

Махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды үрей билеп, түрлі күйге түсесіз. Қуаныш сезімі тәніңізді жаулап, құштарлық сезімі ішіңізде жалындай лаулайды. «A Fuego Lento» – әр сахнасы ынтық сезімге толы, сезімтал танго биінің ырғағымен әуелеген туынды.