Арфа — сөзсіз сыр шертетін, уақыт пен дәуірлердің үнін жеткізетін тылсым аспап. Оның әуезді үні асқақ барокко дәуірінен бастап, орыс романтизмінің сырлы сазына дейінгі сан қилы музыкалық әлемді бір арнаға тоғыстырады.
«Уақыт ішектері» — арфа үні арқылы әр дәуірге саяхат жасайтын, әр кезеңнің өзіндік бояуы мен музыкалық болмысын сезінуге мүмкіндік беретін сырлы кеш. Концерт бағдарламасында Гендель, Бах, Шуберт, Мусоргский, Чайковский шығармаларымен қатар, арфаның қайталанбас мүмкіндіктерін ашуға арналған арнайы туындылар орындалады.
Диана Арықбаеваның орындауында Гендельдің Марсель Гранжани өңдеген «Прелюдиясы мен токкатасы», Бахтың әйгілі «Шаконасы», жүрекке жақын «Ave Maria», «Мәскеу өзеніндегі таң» және «Евгений Онегин» операсының әуендеріне негізделген виртуоздық фантазия секілді көркемдік қуаты мен орындаушылық шеберлікті талап ететін шығармалар шырқалады.
Кештің әуезді өрнегін арнайы шақырылған музыканттар — альтшы Томирис Байғазинова мен виолончелист Михаил Пилявский толықтырады. Арфамен үндескен олардың орындауы нәзік тембрлер тоғысын қалыптастырып, музыкаға камерлық сыр, тереңдік пен ерекше эмоционалдық бояу дарытады.
«Уақыт ішектері» — ғасырлар қойнауынан жеткен әуендер бір кеңістікте тоғысатын, ал арфа өз табиғатына тән нәзіктік пен қуатты, сыр мен сезімді қатар өрнектейтін ерекше музыкалық кеш.
Уақытты жалғаған әуенге құлақ түріп, дәуірлер мен сезімдер тоғысқан музыкалық әлемге бірге саяхат жасауға шақырамыз.