«Астана Балет» театрында «Қар патшайымы»

«Қар патшайымы»

Музыка – Радик Салимов

Қоюшы-балетмейстер, либретто авторы – Георгий Ковтун

Суретші-сценограф, костюм суретшісі – Злата Стога

Жарық суретшісі – Алексей Марков

 

Даниялық әйгілі жазушы Ганс Христиан Андерсеннің осы аттас ертегісінің желісімен қойылған спектакль уақиғасы би тілімен баяндалып, Элмар Бурибаевтың жетекшілігіндегі симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен өтеді.

Қар патшайымы мен ержүрек Герда жайлы, бала кезден таныс ертегі қазіргі заман хореографиясының тілімен баяндалады. Зұлымдық жеңіліп, жақсылық салтанат құратын бұл қойылымды тамашалаған көрермен ғашық жүректе дүлей күш болатынына тағы бір көз жеткізеді. Бұл шынайы махаббат пен достық жайлы, адалдық пен асау жүрек мұзды ерітіп, кез-келген дуаны қайтара алатыны жайлы оқиға.

Би өнерінің құдіретімен ертегі кейіпкерлеріне жан бітіп, сахнада ғажайыптар орын алады. Әйтсе де, бала кезден таныс кейіпкерлер сәл өзгерген тәрізді. Иә, балет өнері ертегі кейіпкерлерін жаңа қырынан ашып, бояу, музыка және қозғалыс атаулыны біріктіріп, ғажайып туындыға айналдырды. Өнердің мәңгілік әрі таңғажайып жұмбағы да осы шығар, сірә.