Кармен-сюита

«Кармен-сюита» бір актілі балетінің премьерасы

Музыка - Жорж Бизе-Родион Щедрин

Либретто мен хореография - П. Мерименің осы аттас новелласы бойынша, А. Алонсо

Қойған – Тимофей Лавренюк

Суретші-сценограф – Жандос Омаров

Костюм суретшісі – Наталья Протасова

Жарық суретшісі – Евгений Тихонин

 

«Кармен-сюита» - ХХ ғасырдағы балет өнерінің қайталанбас үлгісі саналады. Еркінді ту еткен, сезімі албырт Карменнің хикаясы талай балетмейстердің шабытына қанат бітіріп, ал, ең мықты балериналар осы партияны орындауға құштар.

Жорж Бизенің «Кармен» атты әйгілі операсының хореографиялық интерпертациясы Майя Плисецкаяға арнап шығарылған еді. Опера тақырыбына музыкалық транскрипция жасаған композитор Родион Щедрин. Ол ерекше ынтызарлықпен жұмыс істеп, әйгілі опера мен Проспер Мерименің новелласындағы психологиялық астарлы ойды музыка тілімен өрнектей білді. Ал, кубалық балетмейстер Альберто Алонсоның жарқын әрі бірегей хореографиясының арқасында кейіпкерлердің сезімі мен арман мұраты барынша нанымды суреттелгені соншалық, «Кармен-сюита» би өнеріне құштар жандардың сүйікті балетіне айналып, танымал театр сахналарынан тиісті орнын алды.