Бір актілі балет
Музыка – В. А. Моцарт, П. Масканьи, Л. Минкус, Ж. Массне, А. Глазунов, А. Вивальди, С. Рахманинов, Ш. Гуно, К. Сен Санс, М. Брух
Идея мен хореография – Рикардо Амаранте
Сценография мен костюмдер – Рене Салазар
45 минуттың ішінде төрт жүз жылдық тарихы бар балетті суреттеуге бола ма? Рикардо Амарантенің ойынша, болады. Ол көрермен қауымды балеттің әсем әлеміне ретроспективалық саяхат құруға шақырады. Сөйтіп, балеттің бастапқы сатысынан бастап, осы күнге дейінгі тарихын баяндап береді.
Бірнеше ғасыр ішінде осы мәңгі жас әрі әсем өнерде көп дүние өзгерді: музыка, пластика, костюмдер, бейнелер. Балет өмірдің өзі, адамдар, олардың ұстанымдары мен болмыс-бітімі секілді өзгеріп отырды. Адам баласының осы өнерге деген құлшынысы ғана өзгеріссіз қалды. «Diversity» балеті Қайта Өрлеу дәуіріндегі сән-салтанатты, маңғаз, паң кейіптегі биден басталып, соңында неоклассиканың жеңіл, табиғи, еркін биіне қарай ойысады.
Уақыт музыкалық сүйемелдеуді, костюмдерді, бишілердің қимылын өзгерткенімен, мәңгі жас өнер өткен дәуірлердің романтизмін сақтап, неоклассиканың күрделі элементтерімен толысып, өзіндік стиль, қазіргі әлемге сай епкінділік пен заманауи сипатқа, айналамыздағы әлем секілді сан-алуан кейіпке ие болды. Сахнадағы балет ғажайыбы хореографиялық көрмедегі суреттер секілді. Бұл ғаламатты В.А.Моцарт, П.Масканьи, Л.Минкус, Ж,Массне, А.Глазунов, А.Вивальди, С.Рахманинов, Ш.Гуно, К.Сен-Санс, М.Брух музыкасы сүйемелдейді.
Премьера 2016 жылғы 10-желтоқсан, «Астана Балет» театры, Нұр – Сұлтан
Балет ұзақтығы 44 минут