Фархад Буриев балет сахнасында 19 жылдан астам, соның ішінде 8 жыл «Астана Балет» театрында өнер көрсетіп келеді. Оның репертуарында Альберт («Жизель») және Ханзада («Щелкунчик»), Фархат пен Уәзір («Махаббат туралы аңыз») және Тибальд («Ромео мен Джульеттада»), Иоанн Бастамашы («Salomé») және Құтыз («Бейбарыс сұлтан») рөлдері, сондай-ақ Джордж Баланчин, Уильям Форсайт, Раймондо Ребек, Николо Фонте және т.б. балетмейстерлердің балеттеріндегі басты партиялар бар. «Кармен-сюита» балетінде Фархад Буриев Хосенің трагедиялық партиясы мен қаһарлы Коррехидордың рөлін сомдайды. «Кармен-сюитадағы» ерлер партиясы төте сызықтар мен өткір қимыл, графикалық сипатта жасалғандықтан, кейіпкер бейнесін актерлік шеберлік, мінсіз қимыл, мәнерлі пластика және бай мимиканың арқасында ашуға мүмкіндік береді, осы қасиеттердің барлығына труппа премьері Фархад Буриевтің бойынан табылады.
«Кармен-сюита»
Музыка: Жорж Бизе – Родион Щедрин
Либретто және хореография: П.Мерименің осы аттас новелласының желісімен А. Алонсо
Қоюшы: Тимофей Лавренюк
Суретші-сценограф: Жандос Омаров
Костюм суретшісі: Наталья Протасова
Жарық суретшісі: Евгений Тихонин
«Кармен-сюита» – ХХ ғасырдағы балет өнерінің жауһары. Еркіндікті сүйетін, албырт әрі жалындаған Кармен өмірінің хикаясы көптеген балетмейстерлерге шабыт беріп, үздік балериналар осы партияны орындауға құштар еді. «Кармен-сюита» Майя Плисецкая үшін арнайы қойылған дүние. Опера тақырыбындағы музыкалық транскрипцияны композитор Родион Щедрин жазып шықты. Ол ғаламат опера мен Проспер Мериме новелласының нәзік психологиялық нюанстарын музыка арқылы жеткізуде шынайы шеберлікке қол жеткізе білді. Кубалық балетмейстер Альберто Алонсоның жарқын әрі ерекше хореографиясының арқасында кейіпкерлердің асыл сезімдері мен мұң-мұқтажы көрермен жүрегіне жетіп, «Кармен-сюита» би өнеріне құштар жандардың сүйікті балетке айналып, дүниежүзінің әйгілі сахналарынан орын алды.