7 - сәуірде еліміздің мәдени өміріндегі жарқын шара өтеді. Опера жұлдызы Мария Мудряк пен «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрінің концерті ұйымдастыралады. Бұл туралы ОКҚ-да өткен баспасөз конференциясы барысында белгілі болды.
Концерттің дирижері - Джузеппе Аквавива, солисі – Дамир Сәдуақасов.
Мария Мудряктың айтуынша, бұл опера әншісі үшін өте маңызды шара.
«Алматыда үлкен концерт өткізу мүмкіндігіне қуаныштымын. Мен бұл қаланы өте жақсы көремін. Мұнда мен алғашқы шығармашылық қадамдарымды жасадым. Өте жас, дарынды, жаңашылдыққа бейім, әдемі музыка жасағысы келетін осындай керемет оркестрмен бірге жұмыс істейтінім үшін театрға ерекше алғыс айтамын», - деді ол.
Айта кетерлігі, Мария Мудряк бағдарламаны әзірлегенде көпшілікке көктемгі мерекелік көңіл-күй сыйлағысы келді. Алматылық көрермендер оның орындауында опералық классика, оперетта туындыларын, сондай – ақ концерттерде сирек орындалатын ерекше тосынсый туындыларын тыңдайды.