«Астана балет» сахнасын Василий Вайноненнің декорациясымен безендірілген спектакль әрледі. Көп жылдар бойы аталмыш спектакль Мариин театрында қойылып жүр. Үшактілі балетті сахналандырған Қазақ ұлттық хореография академиясының ректоры Алтынай Асылмұратова.
«Астана балет» театрының жетекшісі солисі Татьяна Теннің айтуынша, спектакль балаларға арналғандықтан, балалық шаққа қайта оралу дайындықты қажет етеді.
«Балғын кезіңдегі сезімді басыңнан қайта кешіру, өткенге оралу күрделі деп те айтуға болады. Тәжірибесі мол, есейген кез келген адамға бұл қиындық туғызады деп ойлаймын. Мен бұл қойылымға екінші жыл қатысып отырмын. Аталмыш балет Мариин театрында бұрыннан қойылып жүр. Барлық қойылымдар бір-бірінен ерекшеленеді. Жеңіл спектакль деп айтуға болмайды. Еңбекті, қажырды қажет етеді», - деді Т.Тен.
Бас солистің айтуынша, аталған қойылымға белсенді түрде дайындалуға толық бір ай қажет болған.
«Жас әртістердің дайындалуына біршама көп уақыт қажет. Бұл қойылым балалар үшін ертегі болғандықтан, біз оларға қуаныш, шаттық сыйлай алатынымызға қуанамыз. Себебі, балетке ең алғаш келген балалардың өздері ең әсерлі қойылым десе «Щелкунчик» деп жатады. Сондықтан, бүлдіршіндерге көңіл-күй сыйлап, өзіміз де рахаттанамыз», - деді Татьяна Тен.
Т.Тен айтып өткендей, спектакльге 150-ден астам баланың көңіл күйін бақылау ерекше.
«Біз сияқты ересек адамдардың өздері сахна алдында қобалжиды. Ал, балалардың дайындығын бақылау өте әсерлі. Олар гримге төрт сағат бұрын келіп, күтіп отырады. Бұның бәрі тәжірибе. Біз жаңа әртістерді дайындап жатырмыз. Олар ертең Қазақстан мен мәдениетіміздің болашағы», - деді ол.
Сондай-ақ, Т.Тен балет әртісі үшін ең қажетті қасиет – интеллект екенін айтты.
« Әрине, әртіс үшін еңбекқорлық, шыдамдылық, үлкенді құрметтеу, ұстазды тыңдау, пікірмен санасу қасиеті маңызды. Алайда, балет әртісі үшін ең басты қасиет ол – интеллект деп ойлаймын. Ол әрқашан дамуға, білімге, өсуге ұмтылуы керек. Көпшілік балетке спорт ретінде ғана қарайды. Бұл қате қалыптасқан таптаурын. Бір қозғалысты жасау үшін ақыл, парасат керек. Көрерменмен жұмыс,сезіміңмен билеу үшін шыдамдылық керек», - деді Т.Тен.
Айта кетейік, «Астана балет» театры «Щелкунчик» спектакліне жас әртістерді қатыстыру тәжірибесін алғаш қолданған болатын. Қойылым жаңа жылға дейін және кейін жалғасын табады.
Аягөз Құрмаш, strategy2050.kz