05/04/2018

«Астана Балет» театры гастрольдік сапармен Қызылордаға жол тартпақ

Елорданың 20 жылдық мерейтойын мерекелеу аясында, 7-8 сәуірде «Астана Балет» театрының труппасы Қызылордадағы Н. Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық музыкалық-драма театрында өнер көрсетеді. Шығармашылық ұжым өз орындаушылық деңгейін паш етіп, еліміздің хореография өнерінің заманауи және ұлттық үлгілерін көрсетуі тиіс.

Көрерменге «Астана Балет» театрының алуан-түрлі бағдарламасы тарту етілмек: халқымыздың мәдениеті пластика тілімен жеткізілген «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасы, «A fuego lento» бір актілі балеттері мен «Клеопатра» балетінен үзінді.

«Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасына енген хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділерінің ұлттық бояуы қанық. Балық композициялық ұлттық дәстүрге бай, сан-қырлы әрі эмоциялық қуаты басым. Ғажап музыка мен қайталанбас көркемдік бейнелер жадыңызда мәңгі сақталып қалары анық. «Ұлы Дала мұрасы» бағдарламасы заманауи ұлттық балетті жарқын, екпінді дамып жатқан әрі бірегей құбылыс ретінде тануға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, көрермен назарына «Клеопатра» балетінің үзіндісі тарту етіледі (Музыка – Морис Равель, хореограф – Николай Маркелов). Бұл Мысыр патшайымының көпшілікке беймәлім кезеңін, яки, сіңілісі Арсиноямен тақ үшін күреске түскен шағын баяндайды. Клеопатра мен Арсиноя тағдыр тәңіриясы, адам өмірінің әміршісі Лахесистің назарын өзіне аудартпақшы. Себебі, Лахесистің қолында Клеопатра мен Арсинояның мазасын алған биліктің кілті тұр.

«A fuego lento» атты келесі балет, асыл махаббат сезіміне алғаш еліткен тұста бойыңызды кернеген эмоциялық қуат пен алаңдаушылық сезімін сөз етеді. Тәніңіз ерекше күйге түсіп, шаттық сезіміне бөленесіз, ал, ішкі жалын бойыңызды өртеп әкетеді. Ғашық жан үшін күллі әлем сүйіктісінің айналасына тоғысқандай көрінеді, ал, өмірдің мәні тек махаббат деп біледі(музыка - Лало Шифрин, Астор Пьяццолла, Карлос Гардель, Хореограф – Рикардо Амаранте).

Репертуарының алуан-түрлілігі, орындаушылық деңгейі мен спектакльдердің сахналық безендірілуі арқасында «Астана Балет» театрының шығармашылығы елімізде ғана емес, дүниежүзінде де ерекше қошеметке ие.

Естеріңізге сала кетейік, «Астана Балет» театры Мәскеу мен Санкт-Петербор (Ресей), Бейжің (Қытай), Париж (Франция), Вена (Австрия), Сеул (Корея), Будапешт (Мажарстан), Баку (Әзірбайжан), Нью-Йорк (АҚШ), Токио (Жапония), Варшава (Польша) қалаларының әлемге әйгілі сахналарында өнер көрсеткен. Жас ұжым үнемі ізденіс үстінде. Өзінің қайталанбас қолтаңбасын тауып, бірегей шығармашылық бейнесін қалыптастырып, классикалық мұраның үздік үлгілерін сақтай отырып, пластика тілін жарқын, есте қаларлық жаңашылдықпен толықтыра түсу – мақсат-мұраты.