07/09/2018

"Астана балет" Миланға аттанады

Бағдарламаға ұлттық бояуы қанық хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділері енген.

"Астана Балет" театры Миланда мазмұнды әрі жарқын бағдарламасын ұсынбақ. 2018  жылғы қыркүйектің 9 мен 10 күндері театр труппасы Миланның орталығында орналасқан "Teatro Nuovo" сахнасында өнер көрсететін болады. Театр гастролі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрігінің мұрындық болуымен, "Рухани жаңғыру" ұлттық бағдарламасының аясында жүзеге асырылып отыр, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

"Астана балет" театрының ұжымы "Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті" жобасын жүзеге асыруға атсалысып, отандық өнердің жауһарларын әлем сахналарында танытып келеді.

"Биыл елордасы Астананың жиырма жылдығы аталып өтуде. Осы оқиғаның аясында, біз, Астананың ең жас театрының шығармашылық ізденістерін италияндық көрермен назарына ұсынбақшымыз. Труппамыз үшін, гастроль – шығармашылықты ынталандырудың кілті, әлемнің даңқты қаласының аудиториясы алдында күшімізді сынап көрудің мүмкіндігі. Талғампаз көрермен бізге қошемет білдірер, деген үміттеміз", - дейді театр директоры Валерий Күзембаев.

Театр директорының сөзінше, театр өзіндік өнер туындыларын ұлттық мол мұраға сүйене отырып, әлемдік мәдениет әсерімен дүниеге әкеледі.

Қазақстанның балет ұжымы "Астана Балет Гала" атты мазмұны бірегей концерттік бағдарламаны тарту етпек. Оның ішіне ұлттық хореографияның жауһарларымен қатар, труппа репертуарындағы неоклассикалық миниатюралар еніп отыр.  

Бағдарламаға ұлттық бояуы қанық хореографиялық миниатюралар мен балет үзінділері енген. Бұл композициялардың бәрі бай халық дәстүрімен, сан-қарлылығы және мол қуатымен ерекшеленеді. Ғажап музыка, қайталанбас көркем бейнелер көрермен көңілін баурап алып, жүрегіне мәңгі қонақтайды.   

Ұлттық тақырыптан бөлек, көрермен қауым театр репертуарындағы Рикардо Амаранте қойған неоклассикалық спектакльдердің үзінділерін тамашалай алады. Оның "Love Fear Loss", "A fuego lento" балеттері көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп келеді. Балетмейстердің қайталанбас пластикалық тілі - ерекше нәзік қойылымдарынан аңғарылып тұрады.

Айта кетейік, "Астана балет" театры Мәскеу, Санкт-Петербор, Бейжің, Париж, Вена, Сеул, Будапешт, Баку, Минск, Нью-Йорк, Токио, Варшава және Брюссель қалаларының ірі мәдени ошақтарында өз бағдарламаларын көрсету мәртебесіне ие болған.

bnews.kz