12/06/2019

Романтикалық балеттен contemporary dance-ке дейін

Жапон халықаралық би компаниясы (JIBC) жас ұжым. Қазақстанға гастрольдік сапармен алғаш келді. Қарама-қайшылықтың белгісі – ауқатты, мәдениеті бай Жапонияда кәсіби ұлттық балет ұжымы жоқ екен. Дегенмен, жүздеген балет мектептерінен тәлім алған шебер бишілер әлемнің түкпір-түкпірінде өнерін шыңдап жүр. Жапондықтар орыс классикалық балет мектебін пір тұтады. Осы күні, еңбекке қабілетті, хореографиялық биді мінсіз орындайтын қасиеті бар жапон бишілері әлемнің барлық дерлік театрларында өнер көрсетеді.

Астанамыздағы фестивальге жапон труппасы екі бөлімнен тұратын бағдарламасын алып келді. Бағдарлама Эми Харияма қойған «Dream» атты пластикалық этюдтен басталды. Бұл – Ж.Массне музыкасына қойылған, би өнеріне деген монолог - сезімөрнегі.

Жалпы, бұл кеш би өнеріне тарту, соған жасалған қошемет іспетті еді. Бұдан бұрын өнер көрсеткен Украина ұлттық би ансамблінде әр би – жеке сюжеті мен драматургиясы бар кішігірім спектакль секілді болса, жапондықтар таза биді сан қырынан паш етті. Сөйте тұра, ішкі тартылыс пен драматургияны сақтай білді. Айталық, Тору Симазаки қойған Zero body қойылымы – көрермен ынтызарын оятып, бар зейінін өзіне аудартты. Сюжет пен әрекетке құралған би болмағанымен, 25 минут бойы таза contemporary dance тамашалау мүмкіндігі туды.

Қазіргі жапон биінің кемеңгері Тору Симазаки шеберлік сыныптарын жиі өткізеді. Онда қимыл-қозғалыстың жаңа көрінісін іздеу тәжірибесімен бөліседі. Осы ізденістері мен жалпы тәжірибе барысы сахнада көрініс табады. Олардың атауы да алыстан мен мұндалап тұр. Мысалы, Zero body - «нөлдік тән». Ол өзінің қойылымдарында сюжет, костюм, декорацияны ысырып қойып, жалпы қимыл-қозғалыс сұлулығын ашуға күш салады. Қысқа ғана қара түсті көйлек киген бишілер заманауи биді жайып салды. Би қимылы үздіксіз жалғасты. Әртістер тек бір сәтке қимылсыз қалып, ғаламат өрнек иірімінен тұратын би әлеміне қайта шомып жатты.

Бірінші бөлім соңында оңтүстік корей хореографы Чжи-Ын Ли қойған «Dark Fath» хореографиялық композициясы көрсетілді. Бұл композиция Нұр-Сұлтандағы фестивальге арнап шығарылған екен. Стив Уишарт, Ex Ensambl, Эстон камералық хорының этникалық әндерінен жасалған музыкалық микс, Кендзи Сакайдың бейнепроекциясы, Эми Харияма ойлап тапқан костюмдер мен жарықты қолдану амалдары, осының бәрі жапониялық хокку мәнеріндегі эстетикалық сюжетті құрады:

«Ай жылдам қозғалады!

Қимылсыз тұрған бұтақтар

Жаңбыр тамшыларын жинады».

Түк түсініксіз, дегенмен, сан мағыналы әрі әдемі шумақ!

Екінші бөлімде классикалық балет үлгілері көрсетілді. Сөйтсек, жапондықтар тек заманауи бидің жетегінде кетпеген, клссикалық балет дәстүрін берік ұстанады екен.

Гран па мәнеріндегі кордебалет өнері, түрлі кербез болмыс-бітімі – балет әртістерін әйгілеп тұрды. Эми Хариями бұл жолы этуаль мәртебесін тағы бір дәлелдеп берді. Оның нәзік болмысы, классикалық би талаптарын мінсіз орындауы - спектакль атауына сай, нағыз ертегідегі перизатты сахнаға алып шықты. Труппаның жас әртістері де мінсіз шеберліктерін паш етті.

Сонымен, фестивальдің үшінші күні көрермен қауым жапон балетінің фонеменіне қанық болды.

Eurasian Dance Festival мұраты – жаңа есімдерді анықтап, тың қойылымдарды көрерменге тарту ету. Бұл міндетін абыроймен атқарып та келеді. Себебі, көрерменге жас буын өкілдерін таныстырып ғана қоймай, жас ұжымдардың өзін көрсетуіне жол ашып келеді.

Ертең Мариин театры премьерлерінің өнерін тамашалау мүмкіндігі туындап отыр. Олар да шығармашылық ізденістерін тың бағдарламасына шоғырландырып, көрерменін бір сәт толғандырып, талай дүниені ой елегінен өткізуіне түрткі болып жүр.