20/02/2021

Георгий Ковтунның Дионис ойындары

Шарль Гуно музыкасына Георгий Ковтун қойған «Вальпургиев түні» балеті театр репертуарын байыта түскен құнды дүние. Музыка, би, спорт, цирк, драма сынды сан өнерді түйістіре білген, эпатажды («Спартак» балетінде Мариин театрының сахнасына тірі жолбарысты алып шығарған) саналатын балетмейстердің бұл спектаклі классикалық балеттің дәстүрін сақтай отырып жасалған.

Ұзақ та өнімді шығармашылық ғұмырында түрлі стильде және түрлі сахнада 300-ден астам спектакль қойған балетмейстердің өзінің айтуынша, ол үшін ең бастысы – әрекет. Жай ғана би емес (бірақ, ол өз балеттерінде би ғаламатына шомып отыратыны анық), сахнадағы көрініс үздіксіз болуы керек. «Дәл кинодағыдай!» – деп қайталағанды жақсы көреді балетмейстердің өзі.

Кинематографқа деген махаббатын хореограф спектакльге арнап әзірленген графикалық кескіндеме арқылы білдірді (бейнеинсталляция авторы – Дмитрий Шамов). Су сылдыры, суатқа келген жануарлардың тұяғының дыбысы, самал жел мен жапырақтардың сыбдыры, жануарлардың дауысы сынды табиғи дыбыстармен сүйемелденген шағын фильм экранда көрсетіліп, бізді ертегідей спектакльдің атмосферасына бөлейді. Бұдан кейін сахнада жалғасатын көріністің өзі ғажайып әрі театрландырылған, өйткені, хореограф бізді ежелгі аңыз-әпсаналар әлеміне шақырып, көне грекиялық Олимптегі қарама-қайшылыққа толы, интригасы басым өмір жайлы баяндайды.

Спектакль сценографиясы (суретші Ирина Долгова) да ертегідей стилистиканы ұстанған, декорациясы бай, көптеген заттар бар: шарап бөшкелері, аспандағы қайықтар мен бейқам грек құдайларының өмірінің өзге де атрибуттары. Әртістердің келбетін ауыстырып, оларды сатир мен менадтарға айналдырған күрделі грим (суретші- гример Валентина Яковенко), дегенмен жеңіл әрі пластикалық болғаны соншалық, әртістердің билеуіне кедергі болмай, қайта ертегідей костюмдерінерең бергендей болды.

Әдетте, Ковтун балеттерінде кейіпкерлер көп. Бұл спектакль де сондай болды: шарап жасау құдайы Дионис (Сүндет Сұлтанов) бастаған вакхтар, нимфалар мен сатирлер, фиадтар, купидондар мен періштелер сахнада сауық-сайран құрып жүреді. Осы вакханалияға арналған костюмдерді санкт петерборлық театр суретшісі Ирина Сафронова әзірлеген. Ол гректің шарап жасау құдайы Дионисті шарап бөшкесіне жайғастырып, қолына саптыаяқ ұстатып қойған. Фигурист Плющенкоға да толық адамның костюмін тіккен әйгілі автордың бұл костюмі де Шарап құдайын сомдаған әртістің қимылына кедергі болмай, оның секіріп, пируэт жасауына еш қолайсыздық туғызған жоқ.

Дегенмен, құдайлардың әлемінде пируэт жасап қана ұшпайды: құдайлардың тағы бірі «ұлы аулаушы» Загрей (Фархад Буриев) шын мәнінде сахна үстімен қалықтайды. Георгий Ковтунның бұрын циркте жұмыс істегені– арқан бойындағы түрлі трюктарға қызығушылығынан-ақ байқалып тұрады. Балеттегі акробатикалық демеулер мен цирктік трюктарға толы тағы бір күрделі партия – Татьяна Тен мінсіз орындаған Менада партиясы. Кейде осы балерина үшін жердің тартымдылық күші мен адам мүмкіндігінің шегі деген мәселе жоқтай көрінеді. Бұл тойдың аяғында егіншілік құдайы Деметра көрінді. Өйткені, бұл салтанаттың бәрі – Олимп тұрғындары мен құдайларының той-томалағы – оның құрметіне жасалған.

Көктен жерге түскен, алтын түсті көйлек киген сымбатты Дилара Шомаева өзінің сүйіктілеріне ишарат білдіріп, олар дереу билей жөнеледі. Сатирлардың гротеск биі (Марат Әбдірахманов, Байқадам Түнғатаров), Хореография академиясының кіші сынып оқушыларының орындауындағы нимфалардың жеңіл қалықтауы, купидондар мен періштелер, техникасы мықты фиадалар (Анар Дүкиева, Диана Батырова) таза би ғаламатына шомуға мүмкіндік беріп, өз партияларын шын ниетімен орындаған әртістердің көңіл- күйі көрерменге де дарыды. Қысқасы, нағыз би салтанаты!

Экспериментатор және сахналық өрнек құралдарын мейлінше аз қолданатын Георгий Ковтун, соңғы кездері шығармашылығының парадигмасын өзгертіп, костюмдері сан-алуан, салтанатты театрға көңіл бөліп, өнерге дионистік бастау-бұлағын қайтарғысы келгендей. «Астана Балет» театры үшін қойылған «Вальпургиев түні» балетінде бұл қолынан келді де!

 

Автор: Флюра Мусина