«Астана Балет» театры өткен демалыс күндері классикалық музыканы сүйер қауымға есігін айқара ашып, «Есімдер» бірегей жобасы аясында ұмытылмас симфониялық және аспаптық өнер кешін паш етті.
«Есімдер» жобасының мақсаты – дүниежүзінде еліміздің музыка мәдениетінің нағыз нышанына айналған Қазақстанның жарқын солисттері мен көрнекті музыканттарының шоқжұлдызын бір сахнаға жинау. «Есімдер» жобасы аясында Қазақстанда да, шетелде де асу биіктерге жеткен қазақстандық классикалық музыканың көрнекті өкілдері Әмір Тебенихин, Жәния Әубәкірова және Марат Бисенғалиев өнер көрсетті.
Концертті ұйымдастырушылар репертуарды мұқият таңдады: музыкалық кештің бірінші бөлімінде театрдың симфониялық оркестрінің орындауында Франц Шуберттің әйгілі «№ 8 симфониясы» («Аяқталмаған») орындалды.
Концерт барысында «Астана Балет» театрының сахнасында симфониялық оркестрмен бірге бүгінгі музыканың жарқын өкілдері, таланттары шетелде әлдеқашан мойындалған, халықаралық байқаулардың лауреаттары – скрипкашы Қаламқас Жұмабаева, виолончелист Ермек Құрманаев, сондай-ақ, пианист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әмір Тебенихин өнер көрсетті. Олар 1803 жылы Людвиг ван Бетховен жазған үштік концерт ретінде белгілі скрипка, виолончель және фортепианоға арналған концертті шебер орындады. Музыкалық сарапшылардың пікірінше, бұл туынды үш түрлі кейіпкердің тұтасып, оркестрмен ажырамас күйге жеткен үш адамның диалогы сияқты.
Музыка тарихына Үштік концерт солисттер мен оркестрге арналған ең керемет шығармалардың бірі ретінде танылған. Оның күрделілігі мен сұлулығы үшін орындаушылар арасында ерекше құрметке лайық, ал драмалық дамуы мен шеберлігі осы күнге дейін тыңдармандарды баурап алады.
«Астана Балет» театрының бас дирижері Арман Оразғалиевтің айтуынша, «іс жүзінде әлемнің әр түкпірінде тұратын үш жарқын солистті олардың концерттері мен спектакльдерінің кестесіне байланысты бір концертте біріктіру оңай болған жоқ. Бір мақсат – көрермен қауымға симфониялық музыканың биік өнері мен салтанатын тарту етуді көздеген үш солист келісімін беріп, «Астана Балет» театрының симфониялық оркестрімен бірге репетиция жасауға құлшына кірісті.
Әйгілі пианист, Португалиядағы Виана да Мотта атындағы байқаудың Гран-При иегері, Брюссельдегі Елизавета патшайымның беделді байқауының лауреаты Әмір Тебенихин, «Есімдер» жобасы аясында бір сахнада өнер көрсетуге тағы бір мүмкіндік бергені үшін «Астана Балет» театрына үлкен алғысын білдірді. «Тыңдарман қауымды музыка мәдениетінің жауһарларымен таныстыру өте маңызды. Бетховеннің скрипка, виолончель және фортепианоға арналған Үштік концерті, әрине, осындай жауһарлардың бірі. Мен бұл музыканың елімізде орындалғанына, концерттің тыңдарман қауымның көңілінен шыққанына қуаныштымын», - деп атап өтті ол. Сондай-ақ, Әмір Тебенихин Людвиг ван Бетховеннің өзі үшін өте маңызды композитор екенін, нағыз классикалық музыканттың арқа сүйер іргетасының бірі екенін атап өтті.
Атақты виолончелист, Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының аспирантурасының түлегі, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Ермек Құрманаевтың айтуынша, «Астана Балет» театры симфониялық оркестрінің әртістері арасынан өз шәкірттерін көріп, қуанышқа бөленіпті. Демек, классикалық музыкаға деген сүйіспеншілік өз жемісін беріп жатыр.
Халықаралық байқаулардың лауреаты, скрипкашы Қаламқас Жұмабаева өзінің эмоцияларымен бөлісіп, білікті музыканттармен бір сахнада өнер көрсету, бір шығармашылық биікке көтерілу өзі үшін өте жайлы болғанын, зор мәртебе екенін айтты.
«Есімдер» жобасы жалғасын тауып, көп ұзамай көрермен қауымды танымал музыканттар және әртістермен қайта қауыштырады.